RU

Белгілі адвокат педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге қарсы шықты

Танымал адвокат, заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында педофилияға қатысты өз ойын білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Facebook/Абзал Құспан
Фото: Facebook/Абзал Құспан: Instagram

"Кешелі-бері бірнеше журналистке педофилияға қатысты сұқбат бердім. 

Уақыт тығыздығына байланысты ауызша айттым да әдеттегіше айтқаным қағаз бетіне қалай түскенін тексеріп жатуға мүмкіндігім болмады. Қазірде ұшақ ішіндегі аз уақытымды ұтымды пайдаланып, өз ойларымды қысқа-нұсқа нақтылай кетейін.

Ең негізгі сұрақ өлім жазасын енгізуге қатысты; қарсымын, себеп:

  • ҚР құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді, соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болу қаупі өте жоғары, оған себеп;

а) қылмыстың бәрі айқын (очевидный) сипатқа ие бола бермейді, тиісінше резонансты істерді қалайда ашу мақсатында ҚҚ органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін және оған олар саналы түрде барады. Әдетте, ондай адамдар (құрбан/жертва) не қаржысы, не ықпалды танысы (тірегі), тиісінше сұрауы жоқ қарапайым отбасы мүшелерінен таңдалып алынады. Ал сотымыз алдына келгенді соттай салатынына күмәніңіз болмасын!

ә) қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары. Сот қателігі - жемқорлық пен дилетантизм батпағында қайраңдаған ҚР тұрмақ, небір дамыған елдерде де орын алуда, оған тарихтан мысал жетеді.

б) кәсібиліктің төмендігі/жоқтығы. Басқа саланы білмесем де, ҚҚ жүйесінде дилетанттар жетіп артылады! Оның үстіне соңғы кезде жаппай орын алған, заңгер мамандығына кез келген жерде, кез келген ЖОО-да дайындай беру де бүгіндері өз жемісін беруде...

  • байыптылық керек. Жалпы адам тағдыры таразыға салынар тұста, дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды. Құқық ғылымы адамзат тарихындағы ең алғашқы ғылымдар қатарына жатады. Ол одан бері дамыды, жетілді, кемелденді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуде ең бірінші кезекте ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс!
  • қылмыс табиғаты. Қылмыс адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын. Азаюы, көбеюі мүмкін бірақ біржола жойылмайды-ау. Құранда да, Библияда да Адам ата мен Хауа анадан туған ағайынды Әбіл мен Қабыл бір-бірін өлтіреді емес пе?! Сондықтан ату жазасы енгізілсе қылмыс тоқтап қалады деудің қисыны жоқ.
  • қылмыскер табиғаты. Әдетте қылмыскер қылмыстық кодексті ашып “мен ұсталып қалсам, қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын” деп отырмайды. 

Барлық қылмыскерге тән ортақ нәрсе өздерін ешқашан ұстатпайтын Фантомас сезінетіндері. Әйтпесе, қазіргі өзгеріс бойынша ең кемі 10 жыл айрықша (особый) режимге сотталу + кастрацияға ешқайсысы қуана қоймасы анық.

  • статистика. Мен педофилия елде көбейіп кетті деген пікірмен әзірге келіспеймін, себебі еш жерден нақты дәлел-дәйек көре қоймадым. 21 ғасыр ақпарат заманы, бұрын естіле бермейтін жаманат хабар, қазір сәуле жылдамдығынан тез таралады. 
  • педофил, ол бірінші кезекте ауру адам, сосын барып қылмыскер! Сондықтан кез келген ауруды емдегендей оны емдеп, сосын жазасын беру керек, оның ішіне әрине кастрация да кіреді. 

- гуманизм. Ол жайлы айтпай тұра тұрайын әзірге", - деді Абзал Құспан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Заңгер ойын қорытындылай келе көп балалы ата-ана ретінде Сәтпаев тұрғындарын толық қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, қиратса да, бүлдірсе де мүлік - адам өмірі, адам тағдырынан жоғары болмау керек.

Еске сала кетсек, 23 шілде күні түнде Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыз бала жоғалып кетіп, кейін бөтен пәтерден табылды. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған, алайда жергілікті тұрғындар оны өздеріне беруді талап еткен.

Ал 24 шілде күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтпаев қаласындағы жағдайға байланысты түсініктеме берген болатын.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1866868-belgili-advokat-pedofilder-sin-lim-zazasyn-engizuge-karsy-sykty.html