Мұхамеджан Тазабек: Айсұлтанмен Меккеде бірге болып, умра қажылығын атқарған едік
Жарияланған күні:
"Асыл арна" телеарнасының бас директоры, ақын Мұхамеджан Тазабек марқұм Айсұлтан Назарбаев туралы естелікпен бөлісіп, оның жақындарына көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
"Оншақты жыл бұрын Айсұлтанмен бірге қасиетті Меккеде бірге болып, умра қажылығын атқарған едік. Екі-үш күннің ішінде қатты әсерленіп, жаны нұрланып, көп жақсы сөздер айтқан еді. Әсіресе, қайтар жолда, елге жеткенше ұшақ ішіндегі үш-төрт сағаттық әңгіме әлі есімде.
"Аға, қазіргі жастарды білмейсіз ғой, қатты өзгеріп кетті. Рухани құндылық дегендер аяқ асты болып, жастар тек қана бір күндік рахатын ғана ойлайды. Олар әртүрлі ойындардың қызығына кіргені сондай, дәретхананың ішіне сусыны мен тамағын ала кіріп, қажеттілік өтейтін жердің қаяуында сағаттап отырады" дегенін естіп, жүрегім ауырған еді.
"Болды, елге жеткесін өзім де бүтіндей өзгерем, достарымды да имандылыққа, ізгілікке тартам" деп, шабыттанып, ерекше есейіп оралған еді...
Өкінішті... Тәубеге бүтіндей келетін, Алланың сүйікті құлы атанып, "толық адам" бейнесінде өзіне де, отбасы, ортасына да жақсылығын жаятын жасында жаман ортаның кесапатынан арқанын үзе алмай, қыршынынан қиылды.
Ұлы сапарда бірге болған бауырымыз еді, ақыретін Ұлы Раббымыздың әділдігіне тапсырамыз. Жоқтаушылары мен жанашырларына көркем сабыр берсін", - деп жазды Мұхамеджан Тазабек Facebook желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетсек, Ұлыбритания астанасында 30 жасқа қараған шағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені - Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды. Алдын ала болжамға сәйкес, оның жүрегі тоқтап қалған.
1990 жылы 26 тамызда дүниеге келген Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "Елбасының сүйікті жиені" деп атайды.
Кейін сенаттың бұрынғы спикері Дариға Назарбаева ұлының өмірден өтуіне қатысты пікір білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869736-mhamedzan-tazabek-ajsltanmen-mekkede-birge-bolyp-umra-kazylygyn-atkargan-edik/