ҰБТ-да 138 балл жинаған түлек грантынан айырылып қалды
Жарияланған күні:
ҰБТ кезінде түсірілген видеолар зерттеліп, оның қорытындысы бойынша 97 түлек грантынан айырылды. Оның ішінде 138 балл жинаған бала бар деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
"ҰБТ бейнежазбаларының қорытындысы бойынша 158 тест тапсырушының нәтижесі жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған болатын (соның ішінде 138 балл алған түлек те бар). Соған орай, әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркелетін болады. Толығырақ ҰТО парақшасында жариялайтын боламыз", - деп жазды ол Facebook-те.
Оның сөзінше, тест кезінде тәртіпті қамтамасыз ететін кезекшінің өзі заңбұзушылыққа барған фактілер анықталған.
"Видеодан қандай "батырлықпен" сұрақ кітапшасын фотоға түсіріп отырған баланы денесімен жауып тұрғанын көруге болады. Кем дегенде оның білім беру саласынан жұмыстан босатылуын, ал одан бетер шара ретінде қатал жауапкершілікке тартылуын талап ететін боламыз", - деді ол.
Еске сала кетсек, осыған дейін білім және ғылым министрлігі 21 маусым мен 1 шілде аралығында еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізіліп, өз мәресіне жеткенін жария етті.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды:
- 131 754 өтініш тіркелді, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы биылғы мектеп түлектері. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12%-ға төмен болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871835-bt-da-138-ball-zinagan-tlek-grantynan-ajyrylyp-kaldy/