Еліміздің екі облысына коронавирус салдарынан қайтадан блок-бекет қойылды
Жарияланған күні:
Қазақстанның ішкі істер министрі үкіметтің онлайн отырысында ведомство адамдардың жаппай коронавирус жұқтырмауы үшін не істейтінін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерлан Тұрғымбаетың хабарлауынша, облыстардың бас санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес, Атырау және Ақтөбе облыстарына төрт блок-бекет пен екі санитарлық бекет қойылған.
Полиция 299 карантин нысанын қоршауға алды. Медициналық мекемелердің сұранысы бойынша, байланыстағы адамдардың орналасуын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Кейінірек, ведомствоның баспасөз қызметі бұл жұмыстардың коронавирус инфекциясына қарсы іс-шара аясында жасалғанын мәлімдеді.
Сонымен бірге, Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысында полиция денсаулық сақтау органдары мен әкімдік қызметкерлерімен, сондай-ақ қызмет көрсету нысандарымен бірге 50 мыңнан астам рейдтік іс-шаралар өткізгенін хабарлады.
Нәтижесінде карантин режимін бұзған 28 мың жағдай анықталған. Соның ішінде сауда орталықтары, дүкендер мен базарларда 4,6 мың ереже бұзушылық болған. Тағы 1,7 мыңы мейрамхана, кафе және басқа да қызмет көрсету нысандарына тиесілі.
Карантин тәртібін бұзғандардың басым бөлігі Қостанай, ШҚО, Түркістан, БҚО және Алматы облыстарынан анықталған.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен бірге, карантин режимін өрескел бұзған 15 мың жағдай тіркелді. Соның ішінде той жасап, ас берген 600 дерек бар.
Одан бөлек, 11,8 мың маска режимін сақтамаған азамат анықталды. Дәрілік заттарды заңсыз сатпақ болған 933 оқиғаның жолы кесілген. Медициналық препараттардың 98 мың орамы, 500 мың медициналық маска, 41 мың қолғап және тағы басқа заттар заңсыз айналымнан алынған.
Осындай ереже бұзғандары үшін полиция бөлімшесіне 605 адам, соның ішінде 349 медицина қызметкері жеткізілген.
Еске сала кетсек, еліміздің бас дәрігері Алексей Цой Қазақстанда қатаңдатылған карантиннің қайта енгізілуі мүмкін екенін айтты.
Соңғы деректер бойынша, елімізде 75 адамнан коронавирус анықталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877012-elimizdi-eki-oblysyna-koronavirus-saldarynan-kajtadan-blok-beket-kojyldy/