"Маған ән жазба деген": Қайрат Нұртасқа қастандық жасамақ болған әнші кім
Жарияланған күні:
Отандық эстраданың жарық жұлдызы Қайрат Нұртас өнердегі әріптесі өзіне қастандық жасамақ болғанын жайып салды. Хитменнің танымалдылығын көре алмаған әнші белгілі қазақстандық композиторге ақша беріп, енді оған ән жазуды тоқтатуын талап еткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қайрат Нұртас өзімен бір сахнаны бөлісіп жүрген әншінің осындай әрекетке барғанын "Paparazzi" бағдарламасына берген сұхбаты барысында айтып берді. Алайда, хитмен шығармашылығына кедергі келтірмек болған жұлдыздың есімін атамай қойса да, оқиғаға қатысы бар композитордың атын жария етті. Ол Бауыржан Есебаев болып шықты.
"Кім екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ, ол әнші Бауыржан ағамызға ақша берген, үй әперген. Содан кейін, "Қайрат Нұртасқа ән жазба деген". Енді бұл жерде келіп, маған ренжіп тұр да. Осы ағама менен содан кейін бір ән жаздыра алмай кеттім. Неге? деген сұрақтар туындады. Сөйтсем, басқа әншілерге әндерін бере бастапты" , - деп бар шындықты айтты ол.
Бұл жағдайға қатысты Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова да пікір білдірді.
"Сырымға жазды, Ернар Айдарға жазды. Басқа әншілерге жазып жүрген. Сырттан естігенім, біраз адамдар "бізге жазасыз, бірақ Қайратқа жазбайсыз" деп айтқан. Оған сенбейін десем, шын мәнінде содан кейін Бауыржан бізге ешқандай ән де жазбай кетті. Оның әнін қанша әнші айтса да, ешкім оның атын шығарған жоқ. Негізі Бауыржанның атын бірінші болып, Қайрат шығарды деп ойлаймын" , - деді Айдарбекова.
Сұхбат соңында эстрада жұлдызы Бауыржан Есебаевқа өз үндеуін жеткізді.
"Бауыржан аға көп рахмет сізге.Негізі ағамды қатты жақсы көремін. Денсаулығы мықты болсын. Мен алып беремін деген нәрселердің бәрін алып бере қояйын. Бірақ, бақыт онда емес қой аға" , - деді Қайрат Нұртас.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1877046-magan-n-zazba-degen-kajrat-nrtaska-kastandyk-zasamak-bolgan-nsi-kim/