Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлын Тұрсынбек Қабатовтың көлігі қағып өлтірген ана жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

Ұлын Тұрсынбек Қабатовтың көлігі қағып өлтірген ана жанайқайын жеткізді
Тұрсынбек Қабатов. Фото: youtube.com/Aman Tasygan LIVE

Көлік қаққан марқұм 34 жастағы Ерлан Омарқұловтың анасы бір жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Әйелдің айтуынша, ұлын қағып өлтірген Lexus маркалы қара түсті көлік қазақстандық әзілкеш және КВН жұлдызы Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Көкшетау Азия" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Дәджан Омарқұлованың сөзінше, оқиға 2019 жылғы 13 қазанда кешкі сағат 21:00 шамасында "Теміртау-Нұра-Нұр-Сұлтан" тас жолында, Қарағанды облысындағы Нұра ауданының аймағында болған.

34 жастағы Ерлан Омарқұловты көлік қағып, ер адам оқиға орнында қаза тапқан.

Кейін қаза тапқан ер адамның туыстары марқұмды қағып кеткен қара Lexus-тың қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа тиесілі екенін білген.

Марқұмның анасы көлік иесінің танымалдылығы іске әсер еткеніне сенімді. Оның үстіне, ол прокурорға жазған шағымында іс тіпті өрескел процессуалдық бұзушылықтармен тоқтатылғанын көрсетті.

Прокурордың атына жазылған шағымда әйел адам тергеуші жәбірленуші тараптың қатысуынсыз тергеу амалдарын жүргізгенін мәлімдеді. Оның үстіне, ол прокуратураның келісімінсіз, қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің бекітілуін күтпестен, айғақтарды – ұлының заттары мен аяқкиімдерін мерзімінен бұрын жойып жібергенін айтады.

Ұлын Тұрсынбек Қабатовтың көлігі қағып өлтірген ана жанайқайын жеткізді
Ерлан Омарқұлов. Видеодағы кадр: kokshetau.asia

Қылмыстық іс материалдары бойынша, жол-көлік оқиғасы кезінде Тұрсынбек Қабатовтың көлігін 25 жастағы жігіт басқарған, ол оқиғаға дейін жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты.

Жалғыз ұлынан айырылған Дәджан Омарқұлова неліктен көпшіліктің сүйікті өнер иесі әлі күнге дейін жазаға тартылмағанын түсінбейді. Өйткені оның айтуынша, іс материалдарында Тұрсынбек Қабатов өз көлігін сеніп тапсырған адамның куәлігінен айырылғанын білген және автокөлік құралының иесі ретінде жауап беруі тиіс.

Ұлын Тұрсынбек Қабатовтың көлігі қағып өлтірген ана жанайқайын жеткізді
Фото: kokshetau.asia

Әйел адамның айтуынша, ұлының жол апаты кезінде жолдан өтіп бара жатқаны туралы жүргізушінің айтқан сөзі шындыққа мүлдем сәйкес келмейді.

Істі тоқтату туралы шешімде тергеуші жаяу жүргіншіні жол ережесін бұзды деп айыптаған. Алайда әйел адам бұнымен мүлдем келіспейді.

Марқұмның анасына өзіне ешкім жазбаша хабар бермегенін, ұлының заттарын алып кетуді айтпағанын жеткізді.

Осылайша, ол көлік құралы қағып кеткен кезде адамның тұрғанын немесе жүріп келе жатқанын анықтайтын аяқ киім бойынша сот сараптамасын жүргізу мүмкіндігінен айырғанын айтады.

Дәджан Омарқұлова көптеген жарақат пен дененің 66 метрге ұшып кеткенін ескере отырып, элиталық жол талғамайтын көліктің аса қатты жылдамдықпен қозғалғанын болжауға болатынын алға тартты.

Қазіргі уақытта прокуратура істі тергеуге Қарағанды облысының полиция департаментіне қайтарды.

Әйел адам құқық қорғау органдары ұлының қазасының барлық мән-жайларын адал және ар-ұжданмен тексереді және қылмыскерлер, олардың атағына қарамастан, жазаланады деп үміттенеді.

Ұлын Тұрсынбек Қабатовтың көлігі қағып өлтірген ана жанайқайын жеткізді
Фото: kokshetau.asia

Бұл жайтқа қатысты Қарағанды ​​облысының полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.

Департамент расымен де өткен жылдың 13 қазанында "Нұра-Нұр-Сұлтан" тас жолында Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс өндірісте болғанын хабарлады.

Тұрсынбек Қабатовтың атына тіркелген Lexus автокөлігімен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қараңғыда Ерлан Омарқұловты қағып кетіп, ол алған жарақатынан сол жерде қайтыс болғаны анықталған.

"Тергеу барысында сараптама жүргізілді, оған сәйкес жүргізуші түнгі уақытта тас жолда келе жатқан жәбірленушіге соққы жасаудың алдын ала алмаған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы кезінде Lexus жүргізушісі мас емес, ал жәбірленуші орта деңгейдегі алкогольдік мас күйінде болғандығы анықталды.
Тергеу нәтижелеріне сәйкес, қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – дейді Қарағанды ​​облысы бойынша Департаментінің тергеу бөлімінің бастығы Алмаз Саламатов.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Сәтбаев қаласында 5 жасар қызды ұрлап, зорлады делінген күдікті Қарағанды ​​тергеу абақтысында өмірімен қош айтысты деген ақпарат пайда болды. Ақпаратқа Қарағанды ​​облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде түсініктеме берілді.

Айта кеткен жөн, 4 қазан күні Атырау-Ақтөбе тас жолында жантүршігерлік жол көлік апаты орын алды. Renault Duster мен Geely көліктерінің бетпе бет соқтығысуы салдарынан барлығы 9 адам оқиға орнында қаза болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878359-lyn-trsynbek-kabatovty-kligi-kagyp-ltirgen-ana-zanajkajyn-zetkizdi/