ОҚО-да құдықшы қария 70-80 метр жердің астында жүріп те бес уақыт намазын қаза қылмаған
Жарияланған күні:
Құдық қазып, нәпақа тауып жүрген 70 жастағы қария сусыз отырған халыққа тіршілік нәрін сыйлаудан кәдімгідей қуаныш алады. 30 жылдан бері осы істі кәсіп еткен қарияға тапсырыс берушілердің басым көпшілігі - қалталы азаматтар екен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласында тұратын қария Әбдікерім Оразбаев Пайғамбар жасынан асып кетсе де қатарластарынан әлі шымыр. Тіпті өзінен кейінгілер әрең қимылдаса, ақсақал жарты сағаттың ішінде 2-2,5 метрлік жерді қазып тастайды. Қария үшін ол түк емес. Өйткені ақсақал 80-100 метрлік жерді қазып, елге сусын сыйлаған жан.
Отыз жылын осы іске арнаған ол бүгінде зейнеткер болғанына қарамастан әлі күнге дейін тапсырыс берушілердің қалауын орындап, құдық қазып береді. Қасында екі көмекшісі бар. Жұбайы екеуі алты перзентті тәрбиелеп отырған қарияға "үйретіңізші" деп қолқа салатындар да жоқ емес.
«Үйретіңізші деп келетіндер бар. Ініме, нағашыма үйреттім. Шарапхана жақта олар қазіп жүр. Енді балаларына үйретуімді сұрауда. Негізі ағайын-туысқа үйрету қиын ғой. Ертеңгі күні басына бірнәрсе түсіп, бір жағдай болса, «ата үйреткен, соның кесірінен көз жұмды» дегеннің не керегі бар маған? Ал мен барлық сақтық шараларды сақтаймын. Қазір құрылғыларым бар. Бұрындары жердің астына түскен соң беліме оралған арқан арқылы трактор немесе атпен жүріп, алып шығатын»,- деді ақсақал.
Қария бір құдықты қазуға шамамен бір ай уақытын жұмсайды. Ол жердің жұмсақтылығына байланысты. Алдымен су шығады-ау деген жерді таңдайды. Ол үшін таза мыстан жасалынған екі таяқша құрылғысы бар. Соны бір-біріне параллель етіп ұстап жүреді. Астында суы бар жерге келген екі мыс бір-біріне жабыса кетеді екен. Айтуынша, бұл әдісі арқылы ешқашан жаңылыспапты. Тағы бір тәсілі, үш литрлік банкілерді кептіріп, жерге төңкеріп қояды. Бір тәуліктен соң астында су бар жерде тұрған банкі буланады.
«Белгілі бір тереңдікте су шығады деп айта алмаймын. Әр кезде әрқалай. Кейде 8-10 метр, ал кей кездері 80-100 метрге дейін қазған кездерім болған. Әрине, жердің астына осынша тереңдікке түскенде қорқыныш болады. Тынысың тарылады. Ондай кезде арнайы шлангімен ауа жұтып, демалып аламын. Құдықты жылдың кез келген уақытында қаза беремін» деген қария кейде жердің астында тұрып тамақтана беретінін айтты.
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын құдықшы 70-80 метр жердің астында тұрып та Алла алдындағы парызын орындай береді.
«Намаз оқитын уақыт болды-ау дегенде балдарымнан құбыла қайда деп сұраймын да, намазымды оқимын» деген Әбдікерім ата құдық қазуды бастамас бұрын міндетті түрде қой сойдырып, құран оқитынын да атап өтті.
Жердің астында еңбек етудің де өз қорқыныштары бар екенін жасырмады қария. Түрлі жағдайларға да куә болған. Әсіресе жыланның іні шыққан сәт қиындау дейді.
«Шөлейт бір жерде 70 метрден су шығарғаным бар. Сол кезде жыланның інін тауып алдым. Тура аяғымның астынан состиып жылан тұр. Не істерімді білмей, қолымдағы құралыммен ұрып жібердім. Тағы бір кезде адамның қаңқасы шыққан. Бұрындары ол жер мазарат болған екен деп топшыладым.
Одан кейін адамның бас сүйегін тауып алдым. Бұрынғы адамдардың басы үлкен болған ғой. Дереу алып, шелегіме ол сыймай, әрең алып шықтым жоғарыға. Құдық қазуға тапсырыс берген адамға құран оқып, мазаратқа көміп кел деп сүйекті қолына ұстаттым. Тағы бір жағдай, 40 метр жерді қазғанымда су қатты қысыммен келіп, мені 20 метрге дейін көтеріп тастады» деп әңгімесін жалғады құдық қазушы.
Ерекше атап өтерлігі, соңғы кезде қарияға бақуатты азаматтар көптеп тапсырыс береді екен. Шымкенттегі бір ғана «Кіші Самал» шағынауданында 27 үйге құдық қазып беріпті. Әсіресе монша бизнесін дөңгелеткендер үшін құдық артық шығындалмаудың жолы екен.
«Малый Самалда» кілең байлар тұрады ғой, 27 құдық қаздым. Есіктерінің алдында шыршасы, аққайыңы бар. Аққайыңды қазір краннан ағып тұрған сумен суғара алмайсың. Оның хлоры көп. Құдықтың суы – таза. Қалталы азаматтар тек ол шағынауданда ғана емес, қалада көп қой ондайлар. Аулаларын көгалдандыруға, бассейн (автор: қауыз) толтыруға пайдаланады. Бір бассейнді толтыруға 20 тонна су кетеді.
Монша иелеріне де құдық қазып беремін. Қажетті судың жартысын үкіметтен пайдаланса, қалғанын құдықтан шығатын тегін суды алады. Суға айына 150-200 мың теңге шығын кетсе, соның жартысын ғана төлейді. Қазығұрттағы Тұрбат деген жерде бір ауылға әкімнің өтінішімен 16 құдық қаздым. Әр төрт үйге бір құдықтан келді. Ақысын сол әкімінң өзі төледі. Өйткені ол ауылда ауыз су мүлдем жоқ»,- деген Әбдікерім Оразбаев құдық қаздыртқандар қатарында салық басқармасының басшысы мен ОҚО мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлиева да бар екенін айтып қалды.
«Рәшкүл Оспанәлиеваның үйі мен адырдағы қорасына құдық қазып бергенмін. «Тәтті су ішетін болдық» деп қуанып, риза болды. Тағы бір қалталы азамат үйінің ауласынан құдық қазуға тапсырыс берді. 70 метр тереңдіктен су шықты. Тура сол күні әйелінің туған күні екен. Қуанып, алғыстарын жаудырды.
Ол өзі толықтай жігіт еді. Бір ай өткен соң әлгі жігіт қайта хабарласып, кездесуге шақырды. Барсам, тіптен азып кеткен. Айтуынша, құдықтың суын ішіп, артық салмақтан арылыпты. Бұдан соң қоластындағы қызметкерлерінің өтініші бойынша жұмысына күн сайын құдықтың су тасиды екен», - деді қария.
«Дәл қазір мына бір жерде тойхана салынғалы жатыр екен. Соған құдық қазып жатырмын. 30 жыл болды құдық қазумен айналысып келе жатқаныма. Қазған құдығымның санынан жаңылысамын, санамаппын. Бұл қызметім үшін белгілі бір бағам жоқ. Бергенін аламын. Әйтеуір риза болсыншы деймін.
Кейбіреулері риза болғаны соншалық қой беріп жатады. Бір әкім 8 сотық жер берген. 20 құдық қазған адам жәннатқа барады дегенді ел арасында естігенім бар. Құдық қазу деген – сауабы мол жұмыс қой. Өтініш жасағандарға ешқашан жоқ демеймін», - деп сөзін түйіндеді қария.
Айтпақшы, зейнеткер жасы 70-ке келсе де шымыр болуын бала күнінде қойдың құйрық майын көп жегендігімен байланыстырды. Одан қоса жер қазудың өзі – спорт дейді.
Құдық қазушы атаның байланыс телефоны:
8702 596 77 96, 8771 696 38 96 - Әбдікерім Оразбаев
Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз
⇓⇓⇓
Тағы оқыңыздар:
Димаш Құдайбергеннің елге қашан оралатыны белгілі болды
Елімізде күн ашық болғанымен, кейбір аймақтарда жел тұрады
Немересіне Құран үйреткен Түркия президенті елдің сүйіспеншілігіне бөленді (фото)
Еліміздегі жасы 25-тен асқан қыздар тұрмысқа шықпай қалудан қорқып жүргендерін айтты
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1474240-oqo-da-qudyqshy-qariya-70-80-metr-zherdinh-asty/