Алматы облысында қақаған аязда нәрестені пакетке салып, қақпаға іліп кеткен
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы Тургень ауылында белгісіз біреу нәрестені пакетке салып, қақпаға іліп кеткен. Жергілікті тұрғындар қақаған аязда мұздап қалған сәбиді жылытып, бірден жедел жәрдем шақыртқан деп жазады Sputnik Казахстанға сілтеме жасаған NUR.KZ.
Тастанды нәресте туралы ақпарат алдымен Intagram желісіндегі «issyknews» парақшасында жарияланған.
"Мұндай ақпарат келіп түскенде, тіпті сенгің де келмейді. Жүрегің қынжылады" , - деп жазған автор.
Аталмыш жазбада 12-ші ақпан күні Тургень аулының тұрғынынан пакетке салынған нәресте жайлы ақпарат келіп түскені хабарланған. Сәбиді бірден Есіктегі перзентханаға жеткізіпті.
Облыстық полиция департаменті бұл оқиғаны толығымен растап отыр.
"Тәртіп сақшылары нәрестенің анасын анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды" , - деді полицейлер.
Есіктегі перзентхана дәрігерлері баланың қазіргі жағдайы жайлы айтып берді.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, сәби алғаш келіп түскен кезде аса ауыр жағдайда болған. Қатты тоңып қалған баланың дене температурасы 34 градусты құраған, оны бірден жансақтау бөліміне жатқызыпты.
"Қазіргі таңда оның жағдайының ауырлығы орташа деп бағалануда. Ол сары ауру мен конъюктивиттен емделіп жатыр", - деді перзентхана басшысы Гүлнар Мамырбекова.
Сәбиден ЖҚТБ мен мерез ауруына сараптамалар алынды.
Оған қоса, баланың құжаттарын рәсімдеу шараларымен облыстық әкімдіктің қамқорлық бөлімі айналысып жатыр. Құжаттандыру мен ем алу курсы аяқталған соң, нәрестені Шелек ауылындағы балалар үйіне тапсырмақшы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1779214-almaty-oblysynda-kakagan-aazda-nresteni-paketke-salyp-kakpaga-ilip-ketken/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.