ШҚО-да қыз зорлады деп айыпталған азамат балконнан секіріп кетті
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында мүгедек қызды зорлады деген күдікке ілінген азаматтың өлімі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Полицейлер мәліметінше, марқұм тұрғын үйлердің бірінің балконынан секіріп кеткен деп хабарлайды өңірлік полиция департаментінің Instagram парақшасы.
2020 жылдың 7 қарашасында бесінші қабаттан құлаған 42 жастағы ер адам дене жарақаттарымен Аягөз аудандық ауруханасына жеткізілген, түскі уақытта ол есін жимастан қайтыс болған. ⠀ Ер азамат балконынан секірген пәтер аудандық полиция бөлімі қызметкерінің ата-анасына тиісті екені анықталды.
"Сот-медициналық зерттеу қорытындысына сәйкес, құлау салдарына сипаттас дене жарақаттарынан басқа жарақаттар анықталған жоқ", - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.
Ер азамат ауыр қылмыста, яғни, 2-топтағы мүгедек жас қызды зорлау фактісі бойынша күдікті болған. ⠀ Қазіргі уақытта арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын, соның ішінде ер азамат полиция пәтерінде не себепті болғанын анықтауда. Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, процесс прокуроры тағайындалған.
Айта кетейік, коронавирус салдарынан енгізілген карантин режимі кезінде жасөспірімдердің зорлыққа ұшырау жағдайлары күрт өскен. Жасөспірімдердің зорлану жағдайы әдеттегіден он тоғыз пайызға артқан. Ең сорақысы, зорлық жасайтындардың дені жәбірленушінің жақындары мен таныстары екен.
Сондай жағдайлардың бірі 26 қыркүйек күні оңтүстік астанада тіркелді. Жантүршігерлік қылмыс туралы "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1883848-sko-da-kyz-zorlady-dep-ajyptalgan-azamat-balkonnan-sekirip-ketti/