Ақтөбе облысындағы кен орнында 4 жұмысшы көз жұмды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысындағы кен орындарының бірінде жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде төрт адам қайтыс болды. Тағы бірі зардап шеккен деп хабарлайды өңір әкімдігі Facebook парақшасында.
Оқиға 30 желтоқсанда болған. Бұл туралы хабар Ақтөбе уақыты бойынша 21:21-де (астана уақыты бойынша 22:21) Хромтау ауданының өрт сөндіру бөлімінің пультіне түскен.
"Хромтау ауданының өрт сөндіру бөлімінің пультіне Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС "Весенняя Аралчинская" шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде төрт жарушының қаза болғаны туралы хабарлама келіп түсті", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Оқиға орнында барлау жүргізу кезінде 1 зардап шегуші және 4 адам қаза тапқаны анықталған.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта зардап шегушіні медицина қызметкерлері тексеріп жатыр, оқиғаның себебі анықталуда.
Сондай-ақ оқиға орнына әкімдік өкілдері де жіберілген.
"Оқиға орнына жедел түрде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов және ТЖД қызметкерлері шықты", - деп хабардар етті әкімдіктен.
Еске сала кетсек, бұған дейін Өскеменде трамвайдың қатысуымен болған жол апаты салдарынан бір адам қайтыс болғанын жазған едік.
Оқиға 30 желтоқсанда сағат 15:30 шамасында Абай даңғылындағы "Старт" сауда үйі ауданында болған.
Қазір полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1891853-aktbe-oblysyndagy-ken-ornynda-4-zmyssy-kz-zmdy/