Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қолы тиген жер жазылып кететін": ШҚО-да қаза болған дәрігерлер жайлы әріптестері айтты

Опубликовано:

Жол апатынан қаза болған дәрігерлер
Фото: Ұржар аудандық ауруханасы facebook парақшасынан

ШҚО-да жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған жол апатынан Үржар ауданындағы орталық аурухананың екі медицина қызметкері көз жұмған еді. Қыстың көзі қырауда қызмет бабымен науқасты тасымалдаймын деп, жолда мерт болған ақ халаттылар үйлеріне қайта оралмайтынын білмеді. Ауданның жоғары санатты хирург дәрігері Бейбіт Ғабдуллин мен фельдшер-анестезисі Болат Әзілхановтың артында жұбайы мен балалары қалды. Отбасы мен әріптестері марқұмдардың жоқтығына әлі сенер емес деп жазады KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.

Бейбіт Ғабдуллиннің жары Жұлдызға жолдасы жайлы өткен шақта естелік айту қиын. Десе де, ауданның орталық ауруханасының белді дәрігері болған Бейбіт Ғабдуллин туралы жұбайынан артық ешкім білмейді.

Жұлдыз жолдасының жұмысына қалай адал болса, отбасына да сондай қамқор жан болғанын айтады. Ол жарының соңғы күндері ерекше мейірімді болып жүргенін байқаған.

Бейбіт Ғабдуллин қыздарымен
Фото: Бейбіт Ғабдуллин/Вконтакте әлеуметтік желісі

"Жұмыс, жұмыс, деп ақыры сол жұмысы алып кетті ғой. Бірақ отбасына ерекше қамқор болатын. Қайда жүрсе де, балаларын ойлап жүретін. Қолы бос уақытта, демалысында бізді табиғатқа шығаруды жақсы көретін. Тығыз графигінен уақыт табуға тырысатын. Балаларына қамқор әке, ата-анамызға қайырымды ұл бола білді... Ешкімге салмақ салған жоқ.

Отбасымызға қатысты шаруалардың барлығын өзі шешетін. Біз алаңсыз өмір сүрдік. Соңғы күндері ерекше мейірімді боп кеткендей болды. Қоштасып жүргендей... Қыздарын өте қатты жақсы көрді. Үлкен ұлымыз - студент. Айғаным 6 сыныпта, Ақерке 1 сыныпта оқиды. Байқағаным - соңғы кездері қыздарын ерекше еркелетіп жүрді", - дейді ол.

Жұлдыз марқұм жолдасының әркез жұмысын бірінші орынға қойғанын айтады.

"Жұмысы сондай, күн-түн демей бөліміндегі науқастардың қасынан табылатын. Адамдар оны көшеде көрген жерде, үйге келіп те рахметін айтып жататын. Қолы алтын болды. Қолы тиген жер жазылып кететін", - деп еске алды Жұлдыз жұбайының мамандығына деген сүйіспеншілігін.

Ал әріптестері Бейбіт Ғабдуллинді өте білікді әрі мықты дәрігер ретінде еске алады. Жас маман Айдын Құдайбергенов марқұм болған жоғары санатты дәрігермен үш жыл бірге қызметтес болған.

"Өзім Үржарда туып өскендіктен бала кезімнен ол кісіні сырттай жақсы хирург деп білетінмін. Бейбіт Төлеуғазыұлы хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Оқу бітіріп 2018 жылы ауруханаға жұмысқа келдім. Осы уақыт аралығында қолыма скальпель ұстатып, барлығын үйретті. Бірге талай операция жасадық. Ауданда операция жасалған науқастардың барлығына қолы тиді десем артық айтқаным емес", - дейді трансфузиолог дәрігер.

Айдын Құдайбергеновтің сөзінше, марқұм әріптесі дәрігерлік антқа берік қызмет еткен. Облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандағы орталық аурухана болғандықтан мұнда дәрігерлердің ойлануға артық уақыты жоқ екені белгілі.

Хирургия
Фото: Бейбіт Ғабдуллин/Вконтакте әлеуметтік желісі

"Ол кісі операцияның барлық түрін жасай алатын, тәуекелге бел буып, қорықпайтыны таңғалдыратын. Хирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық операцияларды жасады. Тіпті бас сүйекке трепанация жасаған кезіміз болды. Алдымызға пышақ жарақатын алған науқас келді, оның жүректегі үлкен тамырын (а-орта) тіктік. Негізі мұндай операцияларды тамыр хирургтары ғана жасайды.

Ол кісі қызметте жүргенде күн-түн деген жоқ. Мен білетін үш жылдың ішінде кез келген уақытта, тіпті ол кісі кезекші болмаса да, ауыр операция кезінде үнемі біздің жанымызда жүретін. Түнгі екі-үш деп қарамай, келіп көмектесіп, бізге білгенін үйрететін. Қазір ол кісінің жоқтығы білініп қалды, әлі осында жүрген сияқты, сенбеймін", - дейді дәрігердің әріптесі.

Жас дәрігер марқұм хирургтің өзіне айтқан ағалық ақылын әрқашан есіне сақтайтынын айтты.

"Кез келген нәрсені ойланып істе, екі шоқып, бір қара. Шешім қабылдардан бұрын әбден ойланып ал. Келген науқас бізден ешқандай арыз-шағымсыз жақсы көңіл-күймен, өз аяғымен қайтуы тиіс, соған жұмыс істейміз" деп айтатын.

Соңғы рет үлкен жолға аттанарда мен жанында болдым. Негізі ол кісі іссапарға көп шықпайтын. Сол жолы өзі науқастың асқазанына ота жасады да, оны ары қарай туыстарының қалауы бойынша қалаға апару керек болды. Науқасты өзі апарғысы келді. Бізге бөлімде жатқан басқа да науқастарға ие болуымызды тапсырып кетті", - дейді әріптесі.

Болат Әзілханов
Фото: Әзілханов отбасының жеке мұрағатынан

Ал мына суретте жол апатында мерт болған екінші медицина қызметкері. Болат Әзілханов ұзақ жылдар аудандық ауруханада фельдшер-анастезист болып жұмыс істеген. Әріптестері марқұмның ауруханаға әбден еңбегі сіңген қызметкер болғанын атап өтті.

49 жасына қараған шағында өмірден өткен марқұмның артында жұбайы, екі ұлы қалды.

"Үлгілі отбасы болдық. Орны ойсырап қалды. Ақылшымыз еді, сабырлы жанашыр жан еді. Балаларына қамқор әке бола білді. Еш жамандығын көрсетпеді. Артында екі ұлы қалды. Үлкеніміз Сұлтан биыл мектеп түлегі, әке жолын қуамын деп биология пәнін таңдап отыр. Кіші баламыз 9 сыныпта оқиды. Жұмысына адал қызметкер болды.

Оның 2010 жылы қыс мезгілінде төтенше жағдайдағы еңбегін сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бағалап, алғыс хатпен марапаттаған. Қалың қардың астында қалған адамдарды құтқаруға ат салысқаны жергілікті тұрғындардың есінде", - дейді жұбайы Назигүл Тоқтасынқызы жолдасы туралы естелігімен бөлісіп.

Еске сала кетсек, дәрігер хирург Бейбіт Ғабдуллин пен фельдшер-анастезист Болат Әзілханов 3 ақпан күні Өскемен - Семей тас жолында қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1898936-qoly-tigen-zer-zazylyp-ketetin-sqo-da-zol-apatynan-qaza-bolgan-darigerler-zaily-ariptesteri-aitty/

pixel