Риддерде жоғалып кеткен 2 жасар баланың денесі табылды
Жарияланған күні:
Риддер қаласының полиция қызметкерлері, құтқарушылар, еріктілер және қамқор тұрғындар екі жасар баланы түні бойы іздеді. Соңында, баланың мәйіті табылған соң, іздеу тоқтатылды деп хабарлайды ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Арсений Киселевтің анасы ұлының жоғалып кеткені туралы мәлімдемесімен полицияға жүгінді.
Әйелдің айтуынша, 9 сәуірде бала әдеттегідей күндіз аулаға ойнауға шыққан, бірақ біраз уақыттан кейін ол жоғалып кеткен.
Полицейлер Арсенийдің аға-әпкелерімен және көрші балалармен бірге ойнап жүргенін анықтаған. Алайда кейін араға уақыт салып, ол жоғалып кеткен.
Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін Өскеменнен Полиция департаментінің және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен кинологтар көмекке келді.
"Полиция қызметкерлері бала өзенге жақындап, суға түсіп кетуі мүмкін деген болжам жасаған. Бұған су жағасындағы іздер дәлел болды. Біраз уақыттан соң баланың мәйіті ықтимал құлау орнынан 1 шақырым қашықтықтан табылды", – деді Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта ауқымды іздеу операциясы тоқтатылды.
Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары мен волонтерлер үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған бойжеткенді таба алмай жатыр.
Петропавл тұрғыны 3 сәуір күні сағат 12.00 шамасында тұрғылықты жері – Уәлиханов көшесі, 17 үйден шығып кеткен. Бойжеткен қайда кеткенін ешкімге айтпаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1907280-ridderde-zogalyp-ketken-2-zasar-balanyn-denesi-tabyldy/