Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазандағы атысқа дейін адамдар қаруланған жігіттің көше кезіп жүргенін көрген

Жарияланған күні:

Қазандағы атыс
Оқиға орны. Фото: Telegram / rian_ru

Қазан қаласындағы гимназияда болған атыс көпшілікті дүрліктірген болатын. Оқиға болған жерге халық жиналып, гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр. Қайғылы жағдайға қатысты бірқатар тың ақпаратты "Хабар 24" арнасы назарға ұсынды.

Атыс салдарынан көз жұмғандар арасында жеті оқушы мен №175-мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Эльвира Игнатьева есімді мұғалім бар екендігі анықталып отыр.

Кейін белгілі болғандай, білім ордасына жасалған шабуылға дейін бірнеше адам қолына қару ұстаған жас жігіттің қала көшелерін кезіп жүргенін көрген екен. Алайда ешкім оны тоқтатпаған.

Мектепке басып кіріп, жұртқа жағалай оқ атпастан бұрын жас жігіт телеграм-канал ашып, жаппай кісі өлтіру туралы жазба да жариялаған болып шықты. Ол жазбасында өзін "Құдай" санайтынын әрі "қаптап кеткен биологиялық қоқыстан арылуға ниетті" екенін жазған.

Өз кезегінде оқ жаудырған жігіт білім алған университеттің ректоры студенттің оғаш қылығы болмағанын айтады.

"Жоғарғы оқу орнындағылар оның ешкіммен ісі жоқ, момын екенін әрі жалқау болғанын айтады. Оқу үлгерімі де нашар екен. Сабақтарға қатыспай, емтихандардан құлапты. Көршілерінің айтуынша, ешкіммен амандаспай, өз жолымен тып-тыныш жүре беретін адам болған. Ешкім оның қызбалыққа салынған кезін байқамапты", - дейді Татарстан премьер-министрінің орынбасары - Татарстанның Ресей Федерациясындағы өкілетті өкілі Равиль Ахметшин.

Елдің Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша мектептегі атысты қаскүнемнің жалғыз өзі ұйымдастырған. Полицейлерге де өз еркімен беріліпті. Қазір ол тергеу изоляторында.

"Лаңкес қолға түсті. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жапа шеккендерге қолдан келген көмектің барлығы көрсетіледі. Бұл біздің республика үшін, мемлекетімз үшін үлкен қайғы", - дейді Татарстан президенті Рустам Минниханов.

Президенттің тапсыруымен марқұмдардың отбасына бір миллион рубльден берілетін болды. Қазір 20-дан аса адам ауруханада жатыр. Бірнешеуі жансақтау бөлімінде. Шабуылдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қазандағы қан тапсыру орталығына жиналғандар санында шек жоқ. Мәскеудегі Татарстан өкілдігінің ғимаратына гүл шоқтарын қойып жатқандардың қарасы да қалың.

"Мен ивантеевкалықпын. Бірнеше жыл бұрын менің туған қаламда да осындай жағдай болды. Сол кезде қиын кезге тап болған жігіттерді өз көзіммен көрдім. Сондықтан оның қаншалықты қиын және ауыр екенін жақсы түсінемін", - дейді гүл шоғын қоюға келген тұрғындардың бірі.

Бұл жайттан кейін президент азаматтық қару айналымы ережелерін күшейтуді тапсырды.

Өз кезегінде ресейлік сенаторлар компьютер ойындарына қатысты бақылауды күшейту қажет екенін айтады. Қоғамдық палата болса, әлеуметтік желіде жарияланатын контент үшін жауапкершілікті қатаңдату керек деген пікірде. Қалай болғанда да қазір бүкіл Ресей бойынша мектептердегі қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жаппай адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1912012-qazandagy-atysqa-deiin-adamdar-qarulangan-zigittin-kose-kezip-zurgenin-korgen/