Алматыда дәретхана шұңқырына құлап кеткен екі бала мен олардың әжесі көз жұмды
Жарияланған күні:
Алматыда дәретхана шұңқырына құлап кеткен екі бала мен олардың әжесі қайтыс болды. Қайғылы оқиға кеше, 30 маусымда оңтүстік астананың Наурызбай ауданы, Абай ауылында болған. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің "Республикалық жедел-құтқару жасағы" Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
Құтқарушылардың дерегіне сүйенсек, көше дәретханасының шұңқырына алдымен 2020 жылы туған бүлдіршін құлап кеткен.
Мұны көрген 2009 жылы туған ағасы көмекке ұмтылып, қарындасын өз бетінше тартып алуға тырысып, артынан шұңқырға түскен.
Осыдан кейін көмекке балалардың әжесі мен әкесі ұмтылып, оларды құтқаруға тырысқан.
Оқиға орнына жедел жеткен РЖҚЖ құтқарушылары балалар мен әжесін алып шыққан, алайда оларды аман алып қалу мүмкін болмаған.
"Өкінішке орай тек әкесі аман қалды, оны құтқарушылар келгенге дейін шығарып, жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне тапсырған", - дейді ведомство.
Осы орайда республикалық жедел-құтқару жасағы ата-аналарға жас балаларын қараусыз қалдырмауға, әрі мұқият және сақ болуға шақырады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тркістан полицейлері тереңдігі бес метрлік дәретханаға түсіп кеткен үш және 10 жастағы балаларды құтқарып қалған еді.
Полицияның мәліметінше, Сарыағаш АПБ кезекшілігінің 102 нөміріне жергілікті тұрғын хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханаға үш жасар ұлы мен 10 жасар қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып, көмек сұраған.
Хабарламаны бірінші болып алған тәртіп сақшылары оқиға орнына небары екі минутта жедел жетіп оларды құтқарып қалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1920305-almatyda-daretxana-sunqyryna-qulap-ketken-eki-bala-men-olardyn-azesi-koz-zumdy/