Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Теміртауда төбелестен қайтыс болған 12 жасар баланың әкесі мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Бала
Көрнекі сурет: Pixabay

Теміртауда жасөспірімдер арасындағы төбелес 12 жастағы баланың өлімімен аяқталды. Қайтыс болған бала басынан соққы алып, оқиға орнында есінен танып қалған. Артынша жасөспірімнің сол күйінде есін жимағаны туралы ақпарат тарады. Елді дүрліктірген оқиға жайында баланың әкесі Вадим Сумкин айтып берді. Айтуынша, ұлының жүрегіне осы уақытқа дейін бес рет ота жасалып, ол кардиостимулятордың көмегімен өмір сүріп келген, деп хабарлайды ЭК.

Басылымның хабарлауынша, 12 жастағы жасөспірім жүрегіне бірнеше күрделі ота жасалса да, болашақтан үміт үзбеген, сабағын жақсы оқитын бала болған. Кардиостимулятордың көмегімен өмір сүріп келген жасөсіпірім өскенде программист болуды армандаған екен. Алайда бір ғана соққы оның өмірін үзіп кетті, деп налиды әкесі Вадим Сумкин.

"Балалар бастапқыда доп теуіп ойнаған екен. Одан кейін ұлым өзара төбелесіп кеткен балаларды ажырата бастаған. Оның жүрегі ауырады, жарымжан еді. Бес отадан өткен. Бұл туралы аула балалары түгелдей білетін", - дейді қара жамылған әке.

Сонымен бірге, ол баласының анасымен ажырасып кеткенін, ал ұлы болса екі ортада жүргенін айтты.

"Анасымен ажырасып кеткенбіз. Ол қазір коронавируспен ауырып, карантинде жатыр. Сондықтан ұлым бізге келген. Ол анасына арнап өлең шығарыпты. Шыны керек, ерте есейді. Мектепте үздік оқушы болды. Өздігінен бағдарламалық қамсыздандырумен айналысып, ағылшынды жетік білетін. Міндетті түрде ауруын жеңіп, ақша табатынын айтатын. Міне, бір ғана соққы өмірін жалмап кетті", - дейді өкініштен өзегі өртенген Вадим Сумкин.

Сонымен бірге, ол баласының тағдырын ешкім қайталамаса екен деген тілегін білдірді.

"Бұл оқиға туралы жазыңыздар. Мұндай жағдай енді қайталанбаса екен. Балаларды дұрыс тәрбиелеу керек. Олар малға айналмауы керек. Оларды кім тәрбиелеп жатыр? Интернет пе? Ұлым тап сол жерде болғанына өкінемін. Соққы алғанына өкінемін", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1923941-temirtauda-tobelesten-qaitys-bolgan-12-zasar-balanyn-akesi-malimdeme-zasady/