Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қорғаныс министрі: Жамбыл облысындағы әскери бөлімде оннан астам жарылыс болды

Жарияланған күні:

Қорғаныс министрі
Видеодан кадр: Жамбыл облысының әкімдігі / Facebook

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысындағы әскери бөлімде оннан астам жарылыс болғанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл ақпаратпен министр Жамбыл өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында бөлісті.

"26 тамыз күні сағат 18:45-те Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрігер базасында қоймалардың бірінен өрт шықты. Өртті сөндіруге әскери бөлімнің құрамында 3 топ бар өрт сөндіру командасы шұғыл кіріскен. Әскери бөлім бойынша кезекші бұл жайында Оңтүстік өңірлік қолбасшылық қолбасшысы жедел кезекшілік басқармасына хабарлаған", - деді ол.

Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, бастапқы кезеңде өртті сөндіруге 500 адам жұмылдырылған. Кейін олардың саны 1 мың адамға, өрт сөндіру машиналарының саны 24-ке жеткен.

"Қабылданған іс-шараларға қарамастан өрт шыққаннан кейін 1 сағаттан соң алғашқы жарылыс болды. Жалпы қуаты шағын 10-нан астам жарылыс болған. Аталған базада инженерлік оқ-дәрігер сақталады. Олардың бір бөлігі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан жеткізілген еді", - деді қорғаныс министрі.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әскери бөлімдегі жарылыстан 88 адам зардап шеккенін айтты.

Ал қорғаныс министрі онлайн-брифинг кезінде жарылыстан төрт адам қаза тауып, тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Апаттан кейін Нұрлан Ермекбаев өз еркімен қызметінен кетуге дайын екенін жеткізді. Министрдің сөзінше, ол бұл шешімді жарылыс туралы хабарлама алған сәтте қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929189-qorganys-ministri-zambyl-oblysynda-10-nan-astam-zarylys-boldy/