"Аяғынан тұрсын": Пенжімдегі төбелестен зардап шеккен баланың анасы жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Пенжім мектебіндегі төбелестен соң ауруханаға түскен жасөспірімнің анасы баласы толық жазылмайынша, кешірім бермейтінін жеткізді деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна дерегінше, кеше жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы жеткіншектің жағдайы жақсарып, жалпы палатаға ауыстырылған.
Күлшаш Серікбаева екі күннен бері ауруханың алдын торып жүр. Ұлының басына ота жасалғанда өзін қоярға жер таппады. Бес баланың кенжесі мұндай төбелестерге осыған дейін қатысы болмаған дейді анасы. Ал оны осындай күйге түскенше, тепкілегендерді кешіруге әзір дайын емес.
"Мұндай төбелеске қатысып көрген емес. Екі жақ бір-бірімен татуластық. Олар келіп жатыр. Оларға өкпем жоқ. Бірақ балам аяғынан тік тұрып, қалпына келгенше мен ешкімге кешірім бермеймін. Балам аяғынан тұрсын. Одан кейінгі емі қалай болады? Соны көремін. Басына ота жасалып отыр. Басына пластмасс салынып жатыр", - деді Күлшаш Серікбаева.
Дәрігерлер төбелестен зардап шеккен жасөспірімнің беті бері қарағанын жеткізді.
"Бүгін жалпы тексеріс болып, жағдайының бір қалыпқа келгенін ескердік. Жарақатты емдейтін бөлімге ауыстырылды. Жағдайы бір қалыпты. Есін анық біледі. Тамақты өзі ішіп жатыр. Әңгімелесіп жатыр. Жалпы мұндай науқас кемінде екі апта жату керек. Қанша дегенмен ота болды. Миы шайқалды, соғылу белгілері бар. Содан кейін үйіне шығарылады. Үйіне шыққан соң қалпына келтіру емі еезең-кезеңімен болады", - деді Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ерболат Бегембеков.
Пенжімдегі оқушылар төбелесінен соң құрылған штабтың жұмысы жанданғаны белгілі болды. Ауылдағы мыңнан астам бала оқитын жалғыз мектепте түсіндіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұғалімдер тәртіпке қатысты әңгімені сабақтан тыс уақытта да жүргізеді.
"Қазір мектеп оқушылары қалыпты жағдайда сабақ оқып жатыр. Сынып жетекшілері мектеп психологымен бірлесіп әр сыныпта түсініктеме жұмысын кезең-кезеңімен жүргізеді. Сабақтан тыс уақытта кесте құрылған. Кестемен оқушылар шақырылып, қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір оқушылар арасында ондай кикілжің жоқ. Барлығы бір-бірінен кешірім сұрады. Балалардың қарым-қатынасы қазір жақсы", - деді Розыбакиев атындағы мектеп директорының орынбасары Нәзира Қалыбаева.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Айта кетейік, 27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылында 9 және 10-сынып оқушыларының арасында жаппай төбелес болды.
Салдарынан 16 жастағы жеткіншек зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Кейін бұл жайттан тағы бір ер адамның да зардап шеккені анықталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1939719-ayagynan-tursyn-penzimdegi-tobelesten-zardap-sekken-balanyn-anasy-zanaiqaiyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.