Чехияда 20 жастағы қазақстандық студент жоғалып кетті

Опубликовано:

Олег Кузьмин
Олег Кузьмин. Фото: instagram.com/kdovi.cz

Чехия астанасы Прагада 20 жастағы қазақстандық студент Олег Кузьмин жоғалып кетті. Жас жігіттің жоғалғаны туралы ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігі растады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жігіттің жоғалғаны туралы ақпарат kdovi.cz Instagram парақшасында жарияланды. Ақпаратта 20 жастағы қазақстандықтың Прагада оқитыны, бірақ 26 ақпаннан бері байланысқа шықпағаны көрсетілген.

"Сол күні ол әкесіне хабарласып, көмек сұраған. Бірақ байланыс үзіліп кеткендіктен, егжей-тегжейлі айтып үлгермепті. Содан бері жас жігіттен еш хабар жоқ. Ол Кунтратице ауданындағы Blanice студенттер жатақханасында тұрды. Либень (Lindnerova 575/1) ауданындағы Ambis университетінде оқиды", - делінген жазбада.

Жазба авторының сөзінше, жігіттің ұялы телефонынан сигнал соңғы рет қала орталығынан келген. Сол кезде абонент Florenc автобус вокзалына қарай бара жатқан. Олегтің қаладан кетіп қалған болуы да мүмкін.

Кейінірек, Олегтің туыстары Kris.p.almaty | Official Telegram-каналынан көмек сұрап жүгінгені белгілі болды.

"Прагадағы тергеуші WhatsApp-қа жауап бермейді, телефонды көтермейді. Прага полициясының іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Жігіт қаланың орталығында, көшеде бейнебақылау камерасы көп жерде жоғалды. Полиция камераларды қарау нәтижесі туралы ешнәрсе айтпай отыр.

Адам ине емес, ол Праганың орталығында, Еуропада, өркениетті, миллиондаған студент үшін және ғаламшардағы туристер үшін қауіпсіз елде жоғалып кетті. Нәтиже жоқ", - дейді жоғалған студенттің туыстары.

Олег Кузьмин туралы қандай да бір ақпарат білетіндерден +7 (771) 212-25-58 нөміріне хабарласуды сұрайды.

Сондай-ақ, студенттің жақындары Чехияда жүрген қазақстандықтардан Олегті іздеу жұмыстарына көмектесуді өтінеді.

Осы ретте, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров NUR.KZ тілшісіне қазақстандықтың жоғалып кеткенін растады.

Смадияровтың сөзінше, қазір Чехияда жас жігітті іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1960012-cexiyada-20-zastagy-qazaqstandyq-student-zogalyp-ketti/