Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соңымыздан ерген ініміз еді": Қамшыбек Қоңқабаев Қызылордадағы атыстан қайтыс болған боксшы туралы айтты

Опубликовано:

Қызылордада атыс кезінде боксшы көз жұмды
Қуандық Жүсіп. Фото: жеке мұрағат

7 мамыр күні Қызылорда қаласында болған атыс салдарынан үш адам қаза тапты. Олардың қатарында боксшы Қуандық Жүсіп те бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атыс кезінде Қуандық Жүсіптің қайтыс болғанын оның келіншегі Гүлжайна Уббаниязова, бауырлары және бокстан Қазақстан командасының мүшесі, әлем чемпионаттары мен Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев растады.

"Қуандықтың атыс кезінде көз жұмғанын естіп, қайғырып отырмын. Талантты боксшылардың бірі, соңымыздан ерген ініміз еді. Екеуміз Қызылорда командасының құрамында болдық. Талай жарысқа бірге барып, талай оқу-жаттығу жиындарын бірге өткізгенбіз. Мұндай жағдай болғаны өте өкінішті. 1995 жылы туған жас жігіт. Армандары көп еді", - деді Қамшыбек.

Қызылордадағы атысқа байланысты облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Байжан Байгелді пікір білдірді. Оның айтуынша, атысқа қатысы бар күдікті ретінде алты адам ұсталған.

"Ағымдағы жылдың 7 мамырында Қызылорда қаласында орын алған атыс қаруынан 3 азаматтың қайтыс болу дерегіне байланысты жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 6 күдікті ұсталып, қамауға алынса, 4 күдіктіге қатысты іздеу жарияланды.

Оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында және күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларынан 5 қару-жарақ, бірнеше оқ-дәрі, есірткі заты және 7 автокөлік айғақ зат ретінде алынып, тиісті сараптамалары тағайындалды.

Барлық қатысушы тұлғалардың жеке бастары анықталып, жәбірленуші тараптың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Жоғарыда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар негізінде 8 қылмыстық іс, яғни адам өлтіру бойынша 2 іс, бұзақылық бойынша 2 іс, қарудың заңсыз айналымы бойынша 3 іс және есірткінің заңсыз айналымы бойынша 1 іс тіркелген.

Қазіргі таңда, қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде", - деді полиция полковнигі Байжан Исембекұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1968771-sonymyzdan-ergen-inimiz-edi-qamsybek-qonqabaev-qyzylordadagy-atystan-qaitys-bolgan-bokssy-turaly-aitty/

pixel