Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кішкентай сіңлісін қорғамақ болған": Алматы облысында екі "алабайға" таланған жеті жасар қыздың жағдайы елді алаңдатты (фото)

Опубликовано:

Алматы облысында жеті жасар қызды екі ит талап тастады
Итке таланған Мадина Тұрсын. Фото: instagram/janym_baklajanym

Қайырымдылық шараларын жиі өткізетін блогер Айдын Тоқсанбаева ит талап, ауыр халге түскен бүлдіршіннің жағдайы туралы айтып, жанайқайын айтты. Қазіргі таңда ол желідегі оқырмандарымен бірге жеті жасар қыздың отасына қаражат жинауда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айта кетелік, кеше Алматы облыстық полиция басқармасы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында жеті жасар қызды екі ит талағанын хабарлаған болатын.

Полиция мәліметінше, иттер "алабай" тұқымына жатады. Үй жануарларының иесі - 57 жаста. Оның айтуынша, екі ит тамақ ішіп, серуендеу үшін тұмылдырық пен қарғысынан босатылған. Сол сәтте көшеден өтіп бара жатқан жеті жасар қызды талап тастайды.

Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Блогер Айдын Тоқсанбаева итке таланған жеті жасар Мадина Тұрсынның суретін жариялап, оған жеткілікті деңгейде көмек беріліп жатпағанын мәлімдеді. Айдынның айтуынша, Мадина кішкентай сіңлісін ит қауып алмас үшін екі "алабайға" өзі таланған. Бүгінде бүлдіршіннің беті мен денесінде иттің тістеген іздері қалып кетті.

"Жеті жасар бүлдіршін өзінен кішкентай сәбиді иттен қорғаймын деп таланып отыр. Қыздың жағдайын сұрауға ешкімнің шамасы жетпеген. Бұл қыздың тағдырына енді кім жауапты?", - деп жазды блогер.

Айдын Тоқсанбаеваның айтуынша, ит талаған жеті жасар қыз бен оның сіңлісін анасы жалғыз асырап отыр. Кейін блогер кішкентай Мәдинаның жеңгесімен байланысып, ит иесінің келісімге келуден бас тартып отырғанын хабарлады. Қоғамдық кеңес ұйымдастырған кездесуге ит иесі келмей, тек сотта кездесетінін мәлімдеген.

Ал Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаның назарда екенін айтады.

"Оқиға бойынша барлық тергеу амалы жүргізілуде. Бүлдіршін ауруханадан шыққан соң сараптамалар жүргізіледі. Соңғы шешім сараптама қорытындысы бойынша қабылданбақ. Сондай-ақ екі иттің қауіптілігі туралы сұрақ та қаралады", - делінген Талғар аудандық полиция бөлімінің баспасөз хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1973326-kiskentai-sinlisin-qorgamaq-bolgan-almaty-oblysynda-eki-alabaiga-talangan-zeti-zasar-qyzdyn-zagdaiy-eldi-alandatty-foto/

pixel