Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анасының құр сүлдері қалды": Әскерге бара салып көз жұмған маңғыстаулық сарбаздың туыстары жанайқайын айтты

Опубликовано:

Әскерде қаза болған сарбаздың туыстары тергеу нәтижесіне наразы
Әлібек Қалбай анасымен бірге. Фото: жеке мұрағат

2022 жылдың 22 сәуірі күні Жамбыл облысына қарасты Гвардейский елдімекеніндегі әскери бөлімшеде жас сарбаз Әлібек Қалбай қайтыс болды. Әскер қатарына енді қосылған жауынгердің өлімі ел ішінде үлкен шу тудырған болатын. Бүгінде аталған адам өліміне қатысты тергеу аяқталды. Алайда марқұмның туыстары тергеу нәтижесіне қанағаттанбай отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Марқұмның жеңгесі Динара Тілесованың айтуынша, сот-сараптама қорытындысы сарбаздың ауыр соққыдан қаза тапқанын дәлелдеген.

"Баланың денесін алғанда-ақ, біз оның бірнеше адам қолынан, ауыр жарақаттан көз жұмғанын сездік. Өйткені, денесінің сау жері жоқ еді. Мұны сараптама да растады. Сараптама нәтижесі бойынша, Әлібектің көкірек қуысы мен оң жақ мойнына ауыр затпен соққы жасалғаны анықталды. Соның салдарынан оның жүрегі мен өкпесіне қан кетіп, соңы өліммен аяқталды. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша бір ғана сарбаз істі болуда. Ал куәгер атанған сарбаздардың бірі Әлібекті "Айжамал" деп мазақтағанын растады.

Біздің қазіргі жағдайымыз өте қиын. Бейбіт күнде баласынан айырылған ата-анасының халі күн санап ауырлап барады. Анасының құр сүлдері ғана қалды.

Тергеу қорытындысы бойынша неге бір ғана сарбаз жауапкершілікке тартылып жатыр? Әлібек барған 30212 әскери бөлімнің басшылары, командирлер мен басқа да жауапты тұлғалар неге жазаланбайды?

Олар неліктен сау баланы өлтіруге жол береді? Бізге осы ой маза бермейді. 23 шілдеде Әлібектің жүзкүндік садақасын береміз. Ата-анасы әлі есеңгіреп жүр. Біз әскери бөлім басшыларының Қылмыстық кодекстің 453-бабы бойынша жазалануын талап етеміз", - дейді Динара Тілесова.

Осы оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожахмет пікір білдіріп, әскери бөлімше басшыларының лауазымынан айырылғанын және тәртіптік жаза алғанын мәлімдеді.

"Сарбаз Қалбайдың өліміне байланысты тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 440-бабы, 4-бөлімімен аяқталып отыр. Сарбаз Аманжолов сот санкциясымен қамауда отыр. Қорғаныс министрлігінің жарлығы бойынша әскери бөлімнің командирі мен бөлімше бастығы өз лауазымынан босатылған. Оның орынбасары мен басқа да лауазымды тұлғалар тәртіп жазаға тартылған", - дейді Қожахмет КТК арнасына берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, Әлібек Қалбай әскерге бара көз жұмып, осы істі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жіті тексеруді тапсырған болатын.

Кейін Әлібектің өліміне күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1978928-anasynyn-qur-sulderi-qaldy-askerge-bara-salyp-koz-zumgan-mangystaulyq-sarbazdyn-tuystary-zanaiqaiyn-aitty/