Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дауыл кезінде қаза тапқан Ұлттық ұланның әскери қызметшісі марапатқа ұсынылды

Опубликовано:

Ұлттық ұлан сарбазы
Алмас Шахимов. Фото: polisia.kz

Алматы облысындағы дауыл кезінде қаза тапқан Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қатардағы Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы 5571 әскери бөлімінде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтылған.

"Біз жолдасымызды, отанымыздың қорғаушысын жоғалтып алдық. Табиғи апаттарды болжау мүмкін емес. Дауыл туралы ескерту болған жоқ. Ол өз өміріне қауіп төнсе де, әріптестеріне көмектесті, соңғы болып шатырдан шықты. Қатты желдің салдарынан металл конструкциялар құлады. Ол басынан жарақат алды. Оны ауруханаға жеткіздік. Бірақ өкінішке қарай, сағат 21:30-да қалалық аурухананың дәрігерлері жауынгердің қаза болғанын хабарлады", – дейді “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев.

Спикердің сөзінше, қызметтің алғашқы күндерінен бастап ол өзін адал сарбаз, нағыз азамат, отан қорғаушысы ретінде көрсеткен.

"Ол 27 мамырда Көкшетаудан шақырылды. Бір ай бойы өзінің қызметтестерімен бірге қызметтік пунктте болды. Әскери борышын орындау кезінде қаза тапты. Ол – Ұлттық ұланның, халқымыздың қаһарманы, ата-анасының нағыз ұлы", - деп қосты Қазкеев.

Қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың денесі әскери бортта Алматыдан Көкшетауға дейін жеткізілетін болады. Алмастың ата-анасына заңнамаға сәйкес 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі.

Одан бөлек, "Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшіні қайтыс болғаннан кейін көтермелеу туралы өтініш жасайтын болады.

Баспасөз мәслихатында тағы 14 әскери қызметші жарақат алғаны, олардың үшеуі келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер екені айтылған. Оларға медициналық көмек көрсетілген.

"Қызметтік тергеу өңірлік қолбасшылық ауқымында жүргізіледі. Әскери тергеу басқармасы, әскери прокуратура да өз бағасын береді. Барлығы ашық тексеріледі", – деп уәде берді офицер.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында дауыл кезінде марқұмның әріптестері оқиға туралы баяндаған. Олардың айтуынша, қайтыс болған жауынгер сарбаздарға көмекке келген.

"Біз үшеуіміз БӨП-те кезекшілікте болдық. Сағат 21:00-ге жақын дауыл басталды. Біз бораннан тығылу үшін бірінші ротаның шатырына бет алдық. Оны жел қозғап, біз оны ұстап тұруға тырыстық, не істеу керектігін білмедік. Алмас бізге көмекке келді, бізді қауіпсіз жерге апарды. Біз оны 10 минут күттік, содан кейін мен оны іздеуге шықтым. Барып қарағанымда ол жерде жатыр екен. Біз дәрігерлерді шақырдық. Оның бетінде қан болды", – дейді қатардағы жауынгер Ақылбек Аманов.

Тағы бір әріптесі Дмитрий Бадулов та Алмас Шахимовтың жолдастарына қалай көмектескенін айтып берген.

"Ол үшеуімізді шығарды, содан кейін жүгіріп кетті. Шаңда ештеңе көрінбеді. Ол бізді шығарып алып, дуалға апарды, біз отырдық. Ол басқаларды құтқаруға кетті. Оның қай бағытқа бет алғанын көре алмадық. Қауіпсіздік шаралары туралы бізге нұсқау берілді. Бірақ кеше бұл дауыл күтпеген жерден басталды. Бүкіл батальон бір шақырым жерде атыс алаңында болды. Барлық командирлер сонда еді. Біз екінші ротаданбыз, ал ол бірінші ротадан", – дейді қатардағы жауынгер Дмитрий Бадулов.

Әріптестерінің айтуынша, Алмас ешкіммен нашар қарым-қатынаста болмаған. Олар Алмастың ауруханаға жеткізілгенін рация арқылы білген.

Ұлттық ұланының бас қолбасшылығы мен “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Еске сала кетейік, 9 тамызда Алматы облысында дауыл кезінде 19 жастағы Ұлттық ұлан әскери қызметшісі қаза тапқаны туралы хабарлағанбыз. Қазіргі таңда қызметтік тексеріс басталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1982650-dauyl-kezinde-qaza-tapqan-ulttyq-ulannyn-askeri-qyzmetsisi-marapatqa-usynyldy/

pixel