"Ер адам жанармай құйып, өртемек болған": Алматыда өртке оранған 42 жастағы әйел ауыр жарақат алды
Жарияланған күні:
НеМолчи.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі журналистерге Алматыда бес-алты күн бұрын болған жантүршігерлік оқиғаны баяндады. Оның сөзінше, алматылық әйелді бұрын бірге тұрған ер адам үстіне жанармай құйып өртеп жібергісі келген. Қазір ауыр жарақат алған 42 жастағы әйел ауруханада жатыр. Бұл жайтқа қатысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға жайлы НеМолчи.kz қорына зардап шеккен әйелдің туысы хабарлаған.
"2019 жылы әпкем өзімен бірге тұратын азаматпен айырылысып, онымен ұзақ уақыт бойы соттасып жүрді. Менің әпкем Алатау ауданында орналасқан азық-түлік дүкенін жалға алған, 20 желтоқсанда ер адам әпкемнің сол маңда тұрған көлігін көріп қалып, дүкенге келіп, оны қорқытқан. Оған дейін ол әпкемнің қызын мектепке келіп қорқытқан", - дейді зардап шеккен әйелдің Гүлмира есімді туысы.
Оның айтуынша, 21 желтоқсан күні түстен кейін ер адам таксимен дүкенге екі канистра жанармай, тапанша, шолақ мылтық және оттықпен келген. Ер адам дүкенге келген тұтынушыны мылтықпен қорқытып, шығарып жіберген, сосын дүкеннің есігін ішінен жауып алған.
"Ол дүкенге және әпкемнің үстіне жанармай құйып, оған от қойған. Салдарынан жарылыс болып, терезе мен есік сынған. Менің әпкемді сол дүкенде болған сатып алушы ғажайыптың күшімен құтқарып қалды, әпкем ауыр жағдайда №4 клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Сол кісіге мың алғыс!", - дейді зардап шеккен әйелдің туысы.
Дина Таңсәрінің сөзінше, өрт салдарынан 42 жастағы әйелдің денсаулығына айтарлықтай зиян келген.
"21 желтоқсан күні ер адам қайта келіп, өрт қойған. 42 жастағы әйел зардап шекті, оның денсаулығына айтарлықтай зиян келді. Ер адамның өзі өрттен қаза болды. Екі коммерциялық нысан - дүкен мен дәріхана толығымен жанып кетті", - дейді Дина Таңсәрі тілшілерге.
Бұл жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек пікір білдірді.
Оның айтуынша, аталған оқиғаға қатысты Алатау аудандық полиция басқармасында кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабына және осы кодекстің 99-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған.
"Оқиға орнынан табылған қарудың кімге тиесілі екені анықталып жатыр. Сонымен қатар істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы ІІМ мен Алматы қалалық ПД басшылығының бақылауында", - дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккен әйелдің денсаулығы туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Набира Эсенова айтып берді.
Басқарма әйелдің ауруханаға түскен кезде жағдайы ауыр деп бағаланғанын, жансақтау бөліміне жатқызылғанын растады.
"Зардап шегушіні 21 желтоқсанда №4 қалалық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем бригадасы жеткізді. Денесінің 9 пайызын (бас, қол, аяқ) термиялық күйік шалған, оның ішінде 2 пайызы ауыр күйік саналады. Жоғарғы тыныс жолдары жеңіл дәрежеде күйген, көз конъюнктивасын I дәрежелі күйік шалған. Ауруханаға түскен кезде жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөліміне жатқызылды", - дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы өкілі.
Ведомствоның хабарлауынша, жағдайы тұрақтанғаннан кейін науқас күйік бөліміне ауыстырылған. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы орташа ауыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2003053-er-adam-zanarmai-quiyp-ortemek-bolgan-almatyda-ortke-orangan-42-zastagy-aiel-auyr-zaraqat-aldy/