Алматыда екі автобус соқтығысып, алты адам жарақат алды
Жарияланған күні:
Алматыда екі қоғамдық көлік соқтығысып, алдын ала мәлімет бойынша алты адам дене жарақатын алған, деп хабарлайды Telegram-дағы "ҚР ІІМ жаңалықтары" ресми арнасы.
Жол-көлік оқиғасы 2 ақпан күні сағат 08:30-да әл-Фараби даңғылында болған.
Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөлімінің мәліметінше, 31-бағыттағы Yutong қоғамдық көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатып, алдын ала болжам бойынша, арақашықтықты сақтамау салдарынан аялдамада тұрған 116-бағыттағы SAZ қоғамдық көлігімен соқтығысқан.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған жол-көлік оқиғасы дерегін Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өндіріске қабылдаған.
Еске сала кетейік, былтыр 8 қарашада Алматыдағы Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысып, бір адам қаза болған еді.
Сондай-ақ бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2007738-almatyda-eki-avtobusy-soqtygysyp-alty-adam-zaraqat-aldy/