"Синоптиктер болжамы көңіл көншітпейді": Ильин Түркістан облысын су басуға қатысты жедел кеңес өткізді
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram арнасында Түркістан облысында жаңбыр тоқтағанын, алайда су ағыны әлі де жалғасып жатқанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркістан облысында су басу мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді.
Министр жағдайдың күрделенуіне жол бермеуді және оның салдарымен жедел күресуді тапсырған.
"Түркістан облысында жаңбыр тоқтады. Алайда су ағыны жалғасуда. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Жағдай ерекше бақылауда", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Сонымен қатар министрлік бірлесіп жұмыс істеудің арқасында Майдантал ауылын су басуға жол берілмегенін атап өтті.
"200-ден астам адам және 800-ге жуық ірі қара мал эвакуацияланды. Инертті материалдары бар 13 мыңнан астам қап төселді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", - деп мәлімдеді ТЖМ.
Айта кетейік, қазіргі таңда республикалық және облыстық жедел штабтар, "жедел желі" жұмыс істеп тұр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі су басқан Түркістан облысындағы Арыс қаласының әуеден түсірілген видеосын жариялаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2007901-sinoptikter-bolzamy-konil-konsitpeidi-ilin-turkistan-oblysyn-su-basuga-qatysty-zedel-kenes-otkizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.