Зардап шеккендер бар: Ақтөбе облысындағы газ өңдеу зауытында өрт шықты
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы №2 газ өңдеу зауытында жеңіл көмірсутектерді алу қондырғысы өртенді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"1 мамырда сағат 15:55-те 112 пультіне Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округі Жаңажол кен орнында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында УПЛУ-1 (жеңіл көмірсутектер алу қондырғысы) өртенгені туралы хабарлама келіп түсті", - делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, өрт салдарынан күйік шалған 4 жұмысшы Темір ауданының орталық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілген.
"Зардап шеккендердің жағдайы – тұрақты ауыр", - деп қосты әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.
Әкімдіктің ақпаратынша, өртті жою бойынша жедел штаб құрылған. Қызыл жалынды сөндіруге 52 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылған.
Сағат 20:35-те өрттің таралуы тоқтатылып, өртті сөндіру жұмыстары жалғасқан. 2 мамыр сағат 06-20-да өрт толықтай сөндірілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2018926-zardap-sekkender-bar-aqtobe-oblysyndagy-gaz-ondeu-zauytynda-ort-syqty/