Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, 13 адам зардап шекті (видео)

Опубликовано:

Қарағанды облысындағы жол апаты
Қарағанды облысындағы жол апаты. Видеодан кадр: instagram.com/dorogi_karagandy/

Қарағанды облысында жексенбі, 16 шілдеде болған жол апаты салдарынан 13 адам зардап шекті. Оның бесеуі бала. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар пайда болды.

Жол апатының видеосы Instagram-дағы dorogi_karagandy парақшасында жарияланды.

Кадрлардан көліктің бірі жол жиегінде тұрғанын, екіншісі жыраға түсіп кеткенін, екі көліктің де қирағанын көруге болады. Видео сипаттамасындағы жазбада көліктердің "бетпе-бет соқтығысқаны" айтылған.

Жазба астында жол-көлік оқиғасына қатысты Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірген.

Ведомство мәліметінше, жол апаты 16 шілде күні күндізгі сағат 11:40-та Қарағанды-Ботақара тасжолында болған. Анықталғандай Toyota Voxy және Chevrolet Cobalt көліктері соқтығысқан.

"Оқиға салдарынан екі жүргізуші мен 11 жолаушы, оның ішінде бес бала ауруханаға жеткізілді", - дейді облыстық ПД өкілдері.

Құзырлы орган бұл факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалғанын, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын атап өткен.

Сондай-ақ полиция өкілдері көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау керектігін тағы да еске салды.

"Жолда басқа да адамдардың өмірі үшін жауапты екеңізді есте сақтаңыз", - деп ескертті полицейлер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2028871-qaragandy-oblysyndagy-tas-zolda-eki-kolik-soqtygysyp-13-adam-zardap-sekti-video/

pixel