Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жолаушылар көліктен ұшып кеткен": Түркияда жол апатына ұшыраған отбасыға қатысты жаңа мәлімет шықты

Жарияланған күні:

Әйнегі сынған көлік
Әйнегі сынған көлік. Көрнекі фото: pexels.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте Түркияда жол апатына ұшыраған отбасыға қатысты жаңа мәліметті бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оның айтуынша, отбасы Түркияға 31 тамыз күні келген және бүгін елге оралуға тиіс болған.

"Кеше олар экскурсия шыққан және төбесі ашық сафари-джипке мінген. Жол апаты болған кезінде жолаушылар көліктен ұшып кеткен", – дейді Айбек Смадияров.

Салдарынан отбасының екі мүшесі – анасы мен екі жасар қызы көз жұмған. Ал отағасы мен тағы бір баласы ауруханада жатыр.

Айбек Смадияровтың сөзінше, бұл отбасыда сақтандыру полисі бар, ол емделу ақысын да, тасымалдау құнын да өтейді.

"Туыстары Түркияға келгеннен кейін бұл мәселені бірлесіп шешетін боламыз. Олардың туыстарымен байланысқа шықтық, бүгін немесе ертең Түркияға келуі керек. Барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетеміз. Тергеуден кейін оқыс оқиғаның мән-жайы белгілі болады. Кейбір жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпаған деген нұсқа бар", – дейді Айбек Смадияров.

Осы орайда СІМ өкілі шетелде демалып жүрген Қазақстан азаматтарын барлық жерде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркияда қазақстандық журналист Арайлым Бағытжан екі жасар қызымен бірге жол апатынан қаза тапқаны белгілі болған еді.

Кейін Сыртқы істер министрлігі Арайлымның жолдасы ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын, 2014 жылы туған ұлы да ауруханада екенін, алайда оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2035232-zolausylar-kolikten-usyp-ketken-turkiyada-zol-apatyna-usyrgan-otbasyga-qatysty-zana-malimetter-syqty/