Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда қандаланы улау кезінде екі бүлдіршін көз жұмды: анасы мен екі баласы ауруханада жатыр

Опубликовано:

Дезинфекциялауды жүргізіп жатқан адам
Дезинфекциялау. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтауда көрші пәтерде тұратын азамат қандаланы улау жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде екі бүлдіршін улану салдарынан көз жұмды, тағы бес адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Lada.kz хабарлайды.

Басылымның облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше, 21 қазанда сағат 08:50-де "102" кезекші бөлімінің пультіне тұрғын үйлердің бірінен қоңырау келіп түскен.

"Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп жетті. Тергеу барысында пәтерден 2021 мен 2022 жылы туған кәмелетке толмаған балалардың денесі табылған. Сондай-ақ бес адам ауруханаға жеткізілді", – деп жазады басылым Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің айтуынша, төменгі қабатта тұратын азаматтың пәтерінде қандала пайда болған. Қала тұрғыны жәндіктерді улау мақсатында дезинсекциялауға арналған химикаттарды сатып алып, қандаланы улай бастаған.

Аталған факті Қылмыстық кодекстің 304-бабы 3-бөлігімен (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу) Маңғыстау облысы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәртіп сақшылары сараптама тағайындады.

"Біз жәндіктерді улауға тек мамандарды жұмылдыруға шақырамыз", – деді полицейлер.

Зардап шеккен әйелдің сіңлісі басылымға қазір әйел ұлымен бірге жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған. Үлкен қызының жағдайы сәл жақсарған, бірақ ол әзірге балалар ауруханасында жатыр.

Маңғыстау облысы балалар ауруханасы мәліметіне сүйенсек, баланың жағдайы өте ауыр. Қазір ол қарқынды ем алуда. Екінші баланың жағдайы ауыр, бірқалыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2042076-aqtauda-qandalany-ulau-kezinde-eki-buldirsin-koz-zumdy-anasy-men-eki-balasy-auruxanada-zatyr/

pixel