"Жарылыс толқыны 2 км-ге жеткен": Қарағандыдағы шахтада болған апаттан неліктен көп адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Костенко шахтасындағы жарылыс толқыны 2 километрге жеткен. Бұл туралы Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының директорының орынбасары Геннадий Силинский өңірлік брифингіде айтты, деп хабарлайды Kazinform.
"Жарылыс толқыны 2 шақырым болды. Бұл шахтада тексеру 9 қазаннан 30 қазанға дейін жүргізілуге тиіс еді. Алдыңғы тексерулердің нәтижесінде 200-ден астам бұзушылық табылған. Негізгі бұзушылық – газ мөлшерін бақылаудың сапасыздығы. Осы тұрғыда тиісті бақылау болмаған", - деді Геннадий Силинский.
Еске сала кетсек, бүгін Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Мемлекет басшысы үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Артынша мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орнына барды.
Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Соңғы мәліметтер бойынша қазір 32 адамның денесі табылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып жатқанын хабарлады. Одан бөлек, оқиға орнына премьер-министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Серік Шәріпханов барды.
Сондай-ақ Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2042978-zarylys-tolqyny-2-km-zetken-qaragandydagy-saxtada-bolgan-apattan-nelikten-kop-adam-qaza-tapty/