Костенко шахтасындағы апат: құтқарушылар болжам бойынша қаза тапқан соңғы адамның мүрдесін тапты
Жарияланған күні:
31 қазанда үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы төтенше жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды ведомство ресми сайтында.
Оның айтуынша, бүгінде іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша қаза тапқан 46-адамның дене бөлшектері табылды.
Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталған. Қалған алты кеншінің аты-жөнін анықтау үшін сараптама жүргізіледі.
"Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауынан, тау-кен қазбаларының ұзындығынан, көптеген бұзылған механизмнің болуынан қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс істеу қиынға түсті", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратынша, қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.
"Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылысы қираған", - деп атап өтті Сырым Шәріпханов.
Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазан күні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған, олардың 205-і жер бетіне шығарылған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 29 қазан, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша апаттан қаза тапқан кеншілердің саны 45-ке жеткен. Сол кезде тағы бір кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланған болатын.
29 қазан Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2043306-kostenko-saxtasyndagy-apat-qutqarusylar-bolzam-boiynsa-qaza-tapqan-songy-adamnyn-denesin-tapty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.