Жетісуда жасөспірімге жыныстық зорлық жасады деп күдікке ілінген ер адам тауға қашып кеткен
Жарияланған күні:
Жетісу облысы Сарқан ауданында 38 жастағы ер адам кәмелет жасқа толмаған балаға қатысты аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілініп, іздеу салынған. Ер адам таудан ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша күдікті Сарқан ауданы Тополевка ауылынан 10 км жерде таудан ҰҚК Шекара қызметінің көмегімен ұсталған. Ер адам аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
"Ұсталған ер адам 7 қараша күні 14 жастағы жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Қашып жүрген күдіктіні бірнеше ауданның полиция қызметкерлері мен облыстық департаменттің жедел уәкілдерінен құралған бірнеше іздеу тобы соңғы екі тәулік бойы таулы аудандардан және далалық елдімекендерден іздеді. Полицейлер сондай-ақ арнайы техниканы да қолданды", - дейді ПД баспасөз қызметінің өкілі.
Ведомстводағылар аталған дерек бойынша тергеу Қылмыстық кодекстің 121-бабының 3-1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Қылмыстық іс ерекше бақылауға алынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2044977-zetisuda-zasospirimge-zynystyq-zorlyq-zasady-dep-kudikke-ilingen-er-adam-tauga-qasyp-ketken/