Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде жеке көмекші хал үстінде жатқан мүгедектігі бар адамды қыдырттым деп мемлекеттен жалақы алған

Опубликовано:

мүгедектігі бар адам
Мүгедектігі бар адам. Фото: pexels.com

Елде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды көшеге шығарып, қажетті жеріне жеткізу үшін мемлекет жеке көмекші жалдап береді. Оларға жалақы тағайындалған. Бірақ "әттеген-ай" да жоқ емес. Жарымжан жанның көңілін аулауға тиіс қызметкерлер арасында заңсыз ақша табуды көздегендер де бар боп шықты. Бұны Ақтөбе облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде басқа қызметте жүріп, мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісі ретінде жалақы алып отырғандардың ісі әшкереленді. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тексеріс жүргізілгенін айтады.

"Заңда жеке көмекшілерге 8 сағатқа дейін жұмыс уақытын белгілей алатыны жазылған. Мүгедектігі бар адам жеке көмекшіні өзі таңдайды. Денсаулық сақтау басқармасына сұраныс хат жіберу арқылы кейбір жағдай анықталды. Мәселен қызмет көрсетілген адам айдың 16-да өмірден өткен. Жалақы төлеу кестесінде жеке көмекші оны қайтыс болған күнге дейін дүкенге, концертке апарғаны жазылған. Белгілі болғандай, мүгедектігі бар адам өмірінің соңғы күндері ауыр халде ауруханада жатқан, сол жерде қайтыс болды. Осындай жалған мәліметпен үкіметтен ақша алған деректер бар. Ауруханада жатқан адамды "қыдырттым" деп құжат толтырған", - деді Сәкен Қасымов.

Департамент қызметкерлерін мүгедектігі бар жандардың күніне 8 сағат бойы қыдыратыны күмән туғызған. Айтуынша, әр айда 30 күн болса, мүгедектігі бар адамдарға "жеке көмекші қызмет етті" деп сол күннің барлығына 8 сағат жұмыс уақыты қойылады. Мүгедектігі бар адамды 30 күн бойына 8 сағатқа сыртқа шығарып, серуендеткенін көрсетеді.

"Осы бойынша жеке көмекшіге қатысты мәлімет жинадық. Кей адамдардың басқа жерде толық күн жұмыс істейтіні белгілі болды. Бұған қатысты ескерту жасалды. Тағы бір жағдай - 24 сағат күзет қызметінде отыратын адам мүгедектігі бар адамға жеке көмекші ретінде тағайындалған. Ол адам 2020 жылдан бастап негізгі жұмысына бір тәулікке шығады. Жеке көмекші ретінде де 30 күнге 8 сағаттан қойып шыққан. 24 сағат жұмыста отырған адамның мүгедектігі бар адаммен жүруі мүмкін емес", - дейді Қасымов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044935-aqtobede-zeke-komeksi-xal-ustinde-zatqan-mugedektigi-bar-adamdy-qydyrttym-dep-memleketten-zalaqy-alyp-kelgen/

pixel