Алматыдағы автобус апаты: куәгерлер жанжал неден шыққанын айтты
Жарияланған күні:
Алматыда бірнеше адамды қағып өткен автобус салонында болған жолаушылар жанжал неден шыққанын айтып берді. Бұл туралы КТК телеарнасының сюжетінде хабарланды.
Жолаушылардың айтуынша, жүргізуші әйел ер адамнан жолақы төлеуін талап еткен, бірақ ол бас тартқан.
"Жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал шықты. Шопыр: "Төле" деді. Ал ол бас тартты. Осы кезде ер адам жүргізушіні балағаттап, қорқыта бастады. Ол оны бір рет ұрды. Ал екінші рет ұрғанында әйел жүргізуші есінен танып қалды", - дейді куәгерлердің бірі.
Жолаушылардың бірі ер адамды ұстап, шетке қарай алып кеткен, сосын ол автобусты тоқтатуға тырысқан.
"Досыммен бірге отырдық. Ер адам жолақыны төлемеді. Сосын жүргізуші әйелді ұра бастағанын көрдік. Оны тыныштандырғым келді. Ұруға тура келді. Досым оны ұстап алды. Бұл кезде әйел есінен танып қалған. Автобусты тоқтатуға тырыстым. Қарасам, аяғы газда екен. Еңкейіп, тормозды бастым. Автобустағылар құлады", - дейді ол.
Жүргізуші әйелдің миына зақым келген, беті сырылған. Туыстарының айтуынша, 36 жастағы жүргізушінің жағы сынған. Ол сөйлей алмайды.
"Бар күшімен ұрған соң сіңлім есінен танып қалды деп естідім. Оянғанда шок болған. Жағы сынған. Шабуылдаушы қашпақ болды. Автобустағы жігіттер оны ұстап отырған", - дейді зардап шеккен жүргізуші әйелдің әпкесі.
Дереккөз: КТК
Алматыдағы автобус апаты
Еске салайық, 22 желтоқсанда Алматыда №7 аурухана маңында автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып өткені хабарланған еді. Кейін қалалық ПД өкілдері оқиғаның жай-жапсарын айтты.
Оқиғадан 7 адам зардап шеккен, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болған. Төрт адам ауруханаға жатқызылған. Олардың ішінде 15 жастағы бала бары айтылады.
Сонымен қатар жүргізуші әйелді ұрған жолаушыға қатысты екі бап бойынша іс тіркелгені хабарланды. Ол қамауға алынған. Кейін автобус адамдарды қағып өткен сәттің видеосы жарияланды. Одан кейін желіде апат кезінде автобус салонында болған жағдай көрсетілген ролик тарап кетті.
Бүгін дәрігерлер зардап шеккен төрт адамның жағдайын айтып берген еді: олардың үшеуі медициналық мекемеде ем алып жатыр. Жүргізушіге шабуыл жасады деген күдікті 2 айға қамауға алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2052601-almatydagy-avtobus-apaty-kuagerler-zanzal-neden-syqqanyn-aitty/