Алматыда автобус апаты: жүргізушіден жәбірленуші ретінде жауап алынған
Жарияланған күні:
Алматы полициясы өткен жылдың соңында қалада автобустың қатысуымен болған жол-көлік апатына қатысты қандай іс қозғалғанын мәлім етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Бұрын хабарланғандай, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қалалық ПД анықтау Басқармасымен ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі, 351-бабы 3-бөлігі және 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушісі К.есімді азаматшадан, жәбірленуші ретінде қылмыстық істер аясында жауап алынды", - деді полиция қызметкерлері.
Ведомство өкілдері тиісті сараптамалар тағайындалғанын, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатынын айтты.
Алматыдағы автобус апаты
Еске салайық, 22 желтоқсанда Алматыда №7 аурухана маңында автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып өткені хабарланған еді. Кейін қалалық ПД өкілдері оқиғаның жай-жапсарын айтты.
Оқиғадан 7 адам зардап шекті, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болды. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде 15 жастағы бала бар.
Бұл оқиғадан соң шабуыл жасады деген күдікті ұсталып, кейін 2 айға қамауға алынды.
Жақында үш пациенттің қажетті емдеу курсынан өтіп, ауруханадан үйлеріне шыққаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2054471-almatyda-us-adam-qaza-bolgan-avtobus-apaty-zurgizusiden-zabirlenusi-retinde-zauap-alyngan/