Ил-76 апаты: Ресей Қорғаныс министрлігі 74 адам қаза тапқанын растады
Жарияланған күні:
Апатқа ұшыраған Ил-76 ұшағының экипажы мен барлық жолаушысы қаза тапты. Бортта 74 адам, оның ішінде Украина қарулы күштерінің тұтқынға алынған 65 әскери қызметшісі болған.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Белгород маңында апатқа ұшыраған Ил-76 ұшағының экипажы мен барлық жолаушылары қаза тапқан.
"Ұшақтың экипажы мен барлық жолаушысы қаза тапты. Украина басшылығы қалыптасқан тәжірибе бойынша бүгін украиналық әскери қызметшілер алмасу үшін Белгород аэродромына әскери көлік ұшағымен жеткізілетінін жақсы білген", - деп хабарлайды Ресей Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған басылым.
РБК жариялаған мәлімет бойынша, ұшақ бортында 74 адам болған, оның ішінде Украина қарулы күштерінің тұтқынға алынған 65 әскери қызметшісі бар. Ұшақ елді мекеннің жанындағы егістік алқапқа құлаған.
"Қазір апат болған жер қоршауға алынды, барлық жедел қызметтер оқиға орнында жүр, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - делінген басылым хабарында.
Бүгін, 24 қаңтарда басылымның жазуынша, "192-ні 192-ге" тұтқын алмастырылуы керек болған.
Бортында 80 тұтқыны бар екінші ұшақ апатқа ұшыраған Ил-76 ұшағының соңынан келе жатқан, бірақ оны бұрып үлгергені хабарланды.
Кейінірек Ресей Қорғаныс министрлігі, РИА Новости агенттігінің жазуынша, Украина қарулы күштерінің Ил-76 ұшағына зымыранмен жасаған шабуылын теракт деп атады.
"Бүгін сағат 11:15-те Киев режимі лаңкестік әрекет жасады, соның салдарынан Украина әскери қызметшілерін алмастыруға Чкаловский-Белгород аэродромы бағыты бойынша ұшып бара жатқан Ресейдің әскери-көлік авиациясының ұшағы атып түсірілді", - делінген ресейлік ведомствоның мәлімдемесінде.
Ал УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Украинаның барлау өкілі бүгін тұтқын алмасу жоспарланғанын растады, бірақ әлі ешқандай процесс жүріп жатқан жоқ. Басылымның жазуынша, қазір Украина Ресей тарапынан айтылған Белгород облысында апатқа ұшыраған Ил-76 ұшағында әскери тұтқындар болуы мүмкін деген ақпаратты тексеріп жатыр.
Бұған дейін Белгород маңында тұтқындар мінген Ил-76 ұшағы апатқа ұшырағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2057352-il-76-apaty-resei-qorganys-ministrligi-74-adam-qaza-tapqanyn-rastady/