Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгісіз біреулер Қазақстанның тағы бір өңіріндегі мектептерде қылмыс жасайтынын мәлімдеді

Опубликовано:

Сынып іші
Сынып іші. Көрнекі фото: Uwe Anspach/Picture alliance/Getty Images

Кеше, 25 қаңтарда белгісіз біреулер Telegram арна арқылы Атыраудағы бірнеше мектепте жаппай атыс жасауға дайындалып жатқаны туралы хабарламалар таратты. Полицейлер бұл жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Атырау облыстық полиция департаментінің Instagram парақшасындағы мәлімдемесінде әлеуметтік желілерде белгісіз біреулер Атырау қаласындағы мектептерде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат таратып жатқаны айтылған.

"Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп осы ақпаратты таратқан адамдарды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылады", - делінген полиция хабарламасында.

Осыған ұқсас жалған хабарламалар осы жылдың басында Ресейдің бірқатар қалаларында және Ақтөбе қаласында таралған.

"Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін және тыныштықты сақтауды сұраймыз. Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында", - дейді облыстық полиция департаментінің өкілдері.

"Ақ Жайық" басылымы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің сөзіне сілтеме жасап, қорқытып-үркітетін мәлімдемеге қарамастан, Атырау мектептерінде сабақ әдеттегідей өтетінін хабарлайды.

"Құрметті ата-аналар, үрейленбеңіз және тек ресми ақпаратқа сеніңіз. Атыраудағы мектептер қалыпты режимде жұмысын жалғастырады.

Мектептерде жоспарланған заңсыз әрекеттер туралы ақпарат жалған, мұндай ақпарат бірқатар қалада таралып, расталмады. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын күшейтеді", - деді Бисембиев.

Еске сала кетсек, Telegram желісінде авторы Ақтөбе мектептерінде қылмыс жасайтынын мәлімдеген арна пайда болған еді. Облыстық полиция жазба авторлары іздестіріліп жатқанын, тергеу басталғанын мәлімдеді. Кейін жақын шетелдердің біріндегі 18 жастағы күдікті анықталған.

Елдің үрейін ұшырған ақпараттан соң Оқу-ағарту министрлігі өкілдері оқушылар мен ата-аналарды сабырға шақырды. Ведомство өкілі балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2057608-belgisiz-bireuler-qazaqstannyn-tagy-bir-onirindegi-mektepterde-zappai-atys-sygaratynyn-malimdedi/

pixel