"Ертіс орманы" табиғи резерватының басшысы мен бес есепшісі тергеуге алынды
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысын ұстады. Бұл туралы Антикорға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, тергеу нұсқасы бойынша, ол кәсіпкерлерге іске жарамды ағаштарды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
26 қаңтарда тергеу сотының санкциясымен резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды.
"Сонымен қатар резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған", - делінген Антикор хабарламасында.
Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді.
"Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, 2023 жылғы 18 қыркүйекте Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері "Ертіс орманы" ерекше қорғалатын аумағынан ағаштарды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін өткізген еді.
Полиция қызметкерлері "Ертіс орманы" РММ-де, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сондай-ақ бірқатар басшының тұрғылықты жерлері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шараларын жүргізген.
Тінту кезінде құжаттамадан басқа, атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген. Сол кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, болжам бойынша ағаштарды заңсыз кесуге "Ертіс орманы" РММ-нің лауазымды тұлғаларының қатысы болуы мүмкін екені хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2059350-pavlodar-oblysynda-ertis-ormany-tabigi-rezervatynyn-bassysy-qamauga-alyndy/