Алматыда лай көшкіні қайталануы мүмкін бе: ТЖД мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Арнайы құрылған комиссия беткейдегі зерттеу нәтижелері бойынша жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін лай көшкіні қайталану қаупі жоқ деген қорытынды шығарды. Бұл туралы Алматы төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство өкілдері Төтенше жағдайлар департаменті лай көшкінінің себептерін тергеп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ комиссия қорытындысы мәлім болды.
"Алматы қаласының Медеу ауданында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, оның құрамына ТЖД, "Қазселденқорғау", қала әкімдігінің мамандары енген. Басты мақсат – беткей аумағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын тексеру.
8 ақпанда сағат 15:00-дегі жағдай бойынша комиссия беткейдегі зерттеу нәтижелері бойынша жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін лай көшкінінің қайталану қаупі жоқ деген қорытындыға келді.
Осылайша, мамандардың бағалауынша 8 ақпанда 3000 текше метрден лай көшкіні болған. Сонымен қатар жоғарыда 300-400 текше метр саз балшық массасы бар, оны мамандар тазартып, қауіпсіз болу үшін төмен қарай сырғытуда", - делінген мәлімдемеде.
Айта кетерлігі, комиссия мүшелері болған оқиғаның себептерін анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда.
Бұған дейін Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин үйлерді қиратқан лай көшкінінің бірнеше ықтимал себебі бар екенін атап өткен еді.
- Алматы қаласының ТЖД нұсқасы бойынша, болған оқиғаның алдын ала себептерінің бірі – техногендік сипаттағы апат салдарынан топырақ суланып, ылғалданған.
- "Қазселденқорғау" атаған себептердің бірі – жоғары желіге орналасқан үй тұрғындарының жер асты су құбырын шаруашылық тәсілмен салуы.
- Үйлердің жоғарғы желісінің тұрғындары дұрыс орнатпаған нөсер кәріз құбыры, сондай-ақ таулы аймақтағы жартасқа сұйықтық ағызатын септиктер де жатады.
"Тергеу жалғасуда. Комиссия қазіргі уақытта барлық мүмкін факторды егжей-тегжейлі зерттеп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша комиссия жұмысының нәтижелері туралы тиісті ақпарат беріледі", - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Алматыдағы лай көшкіні
Еске салайық, бүгін, 8 ақпанда сағат 02.20-да Алматы қаласы Медеу ауданының "Тау-Самал" шағын ауданында алдын ала ақпарат бойынша техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан лай көшкіні жүрген.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін №47 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылды.
Сондай-ақ Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкініне байланысты техногендік апат болған жерге барып, қираған үйлерді аралады.
Бүгін лай көшкіні салдарынан қираған үйдің астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімнің денесі табылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2059978-almatyda-lai-koskini-qaitalanuy-mumkin-be-tzd-malimdeme-zasady/