Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейде зауыттағы оқыс оқиға кезінде төрт жұмысшы ауыр жарақат алды

Жарияланған күні:

Аурухана дәлізі
Аурухана іші. Көрнекі фото: pixabay.com

Семейде құрылыс материалдарын шығаратын зауытта оқыс оқиға болып, төрт қызметкер ауыр жарақат алды. Олар жұмыс ауысымынан кейін жуынатын бөлмеде болған сәтте ыстық су құбыры жарылған. Қайнап тұрған судан қашамыз деп екінші қабаттың терезесін сындырып секірген төрт жұмысшы темір терсек пен шынының үстіне түскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қаладағы құрылыс материалдарын шығаратын зауыт жұмысшыларының айтуынша, 7 наурызда жұмыс уақыты аяқталған соң бес адам душқа жуынуға кірген. Сол сәтте ыстық судың құбыры жарылған. Ыстық буға тұншыққандар есікке жете алмай, екінші қабаттағы бөлменің терезесін сындырып, секіріп кеткен. Бәрі темір-терсек пен шынының үстіне түскен.

Зардап шеккендердің бірі Дулат Күйіков оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

"Жерге түстік. Цемент, қоқыстың үстіне. Ал бірінші қабатта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Шашылып жатты. Шыны да, темір де. Қазір бір аяғым екі жерінен сынған. Бесінші қабырға сынған", - дейді ол.

Ауруханаға жеткізілген бес жұмысшының төртеуі қатты жараланған. Денесінде сынық жарақаты көп. Қазір дәрігерлер аурухана төсегіне таңылған төрт науқасты отаға жасуға дайындап жатыр.

"Түрлі жарақаттармен түсті. Бас-ми жарақаты, сынықтар бар. Омыртқа сүйектері, өкше сүйектерінің сынықтары, қол сүйектерінің сынықтары, сонымен қоса асықты жілік сынықтары. Дене жарақаты бар. Әйнектен тілінген жарақаттар болды", - дейді Семей қалалық жедел медициналық көмек ауруханасының сынық-жарақат бөлімінің дәрігері Дәмір Сыдықов.

Жарақат алған жұмысшылардың сауығып кетуіне біраз уақыт керек. Жақындарының айтуынша, зауыт басшылығы тарапынан өндірістік жарақат алған жұмысшыларға көмек көрсетілмеген.

"Директор бізге ешқандай өтемақы төленбейді деді. Тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олар қызметкерлерінің ауруханада жатқан күндеріне ғана ақша төлемек. Қазір жұмысқа жарамайды. Қалпына келу үшін үш жарым ай керек. Ал дәрі-дәрмекті қалтамыздан сатып алып жатырмыз. Үш балам бар. Басшылық жарақат алған қызметкерлерін қолдауға тиіс қой", - дейді жұмысшылардың бірінің жұбайы Сандуғаш Баймағанбетова.

Мекеме басшылығы жараланған жұмысшыларына заң аясында қолдау болатынын жеткізді. Олар жазылып, жұмысқа шыққанша еңбекке жарамсыздығына байланысты ақы төлеп отырмақ ниетте. Оқиғаға қатысты облыстық еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, тексеріс бастады.

Автор: Елжан Нұрболатұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2067063-semeide-zauyttagy-oqys-oqiga-kezinde-tort-zumyssy-auyr-zaraqat-aldy/