Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ ел өңірлеріндегі жағдай қандай екенін айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомТөтенше жағдайлар министрлігі Қазақстан аймақтарындағы су тасқынына байланысты ақпаратты бөлісті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша эвакуациялау пункттерінде 8809 адам бар, оның ішінде 3828-і балалар. Ал 22 734 адам үйлеріне оралған.
"11,2 млн м3 астам еріген қар суы сорылды, 4,6 млн астам қапшық пен 1,4 млн тонна инертті материал төселді.
Жедел желі телефонына 2114 қоңырау келіп түсті", - делінген ведомствоның Telegram арнасында.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарындағы Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны ерекше бақылауға алынғанын айтты.
Соңғы мәліметтер бойынша, өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 81 523 қапшық пен 2770 тонна инертті материал төселген, бөгеттердің іргесін көтеру және нығайту жұмыстары жалғасып отыр.
Атырау облысында 824 мың қапшық және 2700 тонна инертті материал төселді, 4424 км бөгет тұрғызылды, бөгеттердің іргесін нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.
"Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізіледі", - деді спикер.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек жібергенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2088416-qazaqstandagy-su-tasqyny-tzm-el-onirlerindegi-zagdai-qandai-ekenin-aitty/