Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұрып-соғу айыбынан кейін "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыстан қуылды

Опубликовано:

Қару ұстаған полицейлер
Полицейлер. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақмола облысында жергілікті тұрғынның інілеріне шабуыл жасағаны туралы мәлімдемесіне байланысты полицияның арнайы жасағының қызметкерлеріне айып тағылды. Олар жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көкшетау қаласының тұрғындарына дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Төрт қызметкер күдікті деп танылып, оларға айып тағылды. Қызметкерлер теріс уәжбен ішкі істер органдарындағы жұмысынан шығарылды. Олардың басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істі тергеу барысын жеке бақылауыма алдым. Объективті және жан-жақты тергеу жүргізіледі", - деді Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев.

Еске салсақ, Көкшетауда зәбір көрген жігіттердің әпкесі інілерін "Арлан" мамандандырылған және таңдаулы полиция жасағының қызметкерлері ұрып-соққанын, бұл іс бойынша тергеу басталмағанын мәлімдеген еді. Қыздың айтуынша, полиция басшылығы қарамағындағы қызметкерлерінің әрекеті үшін жауапкершілік алудан бас тартқан.

Бұған қоса қыз отбасына қысым жасалып жатқанын айтты. Ағайынды жігіттер қазір ауруханада жатыр. Қыздың сөзінше, 17 жастағы кіші інісіне ота жасату қажет.

Сондай-ақ ол полицейлер бастапқыда арызды қабылдағысы келмегенін, кейін ғана қабылдағанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2100215-uryp-sogu-aiybynan-keiin-arlan-arnaiy-zhasagynyng-qyzmetkerleri-zhumystan-quyldy/