Павлодар облысында 20 күн бұрын суға батып кеткен кеме капитанының денесі табылды
Жарияланған күні:
Павлодар облысында 20 күн бұрын суға батып кеткен кеме капитанының денесі табылды. Бұл туралы журналистерге Павлодар облысы ТЖД өкілдері хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғау бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Қасымовтың айтуынша, кеме капитанының денесі өзен ағысымен 60 шақырым жерге ағып барған. Оны Ақбұлақ ауылының тұсында су бетіне қалқып жатқан жерінен тапқан.
ТЖД өкілі суға батып кеткен азаматтың денесін іздеу неліктен ұзаққа созылғанын түсіндірді.
"Ер адамның суға батып кеткеніне 20 күн болды. ТЖД күштері бастапқы кезеңінде 10 күн бойы іздеді. Іздестіру жұмысы алғашқы үш күн белсенді түрде жүрді. Жеті күн тағы да іздедік. Кейін туыстарының арызы бойынша тағы 10 күн іздестірілді. Азаматтың денесін 20-шы күні тауып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, өзен суы әлі лай, ештеңе көрінбейді. Сүңгуірлер судың астына түсіп іздеді, бірақ олардың өміріне де қауіп болды. Өйткені сумен бірге қоқыс, ағаш қалдықтары ағып жатыр. Біз марқұмның денесі су бетіне қалқып шықты, ағыс бойымен 60 км жерден, Ақбұлақ ауылының тұсынан табылды", - деді Ерлан Қасымов.
ТЖД өкілінің айтуынша, кеме капитанының алкогольге мас немесе сау күйде құлағаны туралы сот-медицина сараптамасы нәтижесі шыққанда белгілі болады.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 8 мамырда болған еді. Алдын ала болжам бойынша, ер адам кеме палубасынан суға құлап кеткен. Кеме "Қазақстан су жолдары" РМКК-ға тиесілі болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2110098-pavlodar-oblysynda-20-kun-buryn-suga-batyp-ketken-keme-kapitanynyng-denesi-tabyldy/