Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында селфиге түсемін деп өзенге құлаған жасөспірім табылмай жатыр: туыстары жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Өзен
Өзен. Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысында 16 жастағы бойжеткен өзен жағасында селфиге түсемін деп суға ағып кетті. Содан бері бүгін төрт күн өтті, оқушыны іздеуге жақындары да кіріскен. Өйткені Шымкенттен келген 5-6 құтқарушының ісі өнер емес дейді ашынған ата-ана. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

16 жастағы жасөспірімнің туыстары іздеу жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

"Құтқарушыларды бүгін Шымкенттен алдырдық. Түркістанның да мамандарын жіберуге болмай ма? Түркістаннан адам шақырмаймыз дейді. Шымкенттен бір-ақ машина жіберіпті. Бір машина алты адам. Ол не болады? Не істей алады алты адам? Төртінші күнге кетіп бара жатыр. Өзіміз де бүкіл ағайын-туысымызбен кірістік. Шаршадық", - дейді жоғалған қыздың туысы Жәмилә Әтеева.

Жасөспірім Сайрам-Өгем паркіне жалғыз келмеген. Достарымен қыдырып жүрген қыздың қасында тағы бір жігіт болған. Тастың үстінде фотоға бірге түскен екен. Сөйтіп, екеуінің де аяғы тайып кеткен. Осылай деген қыздың анасы жарақат алған жігіттің аман қалғанын айтады.

"Бала да бірге қол ұстатып түсіп кеткен деді. Баланың көретін жарығы бар шығар. Біраз жерге ағып кетіп, есімді жинап шықтым дейді. Талдан ұстап қалған екен. Қыз сол күйі ағып кеткен. Көргендер тек қолын көтерді, - деп көзіне жас алды анасы Қамажай Шортанова.

Селфиге түсемін деп суға батып кеткен жасөспірім қыз үйінде алты баланың ортаншысы. Әкесі екінші топ мүгедегі. Түркістан қаласында тұратын ол Төлеби ауданына ата-анасының рұқсатынсыз кеткен екен. Анасына туысымның үйіне барамын деген қыз жайлы хабарды жақындары оқиға болған күні кешке бір-ақ естідік дейді. Ал төтенше жағдай қызметкерлері іздеу жұмыстары бір аптадан бір айға жалғасуы мүмкін екенін де жасырмайды. Өйткені Қасқасудағы өзеннің ағысы баяу емес.

"Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 54 қызметкер, 1 жүзу құралы және 4 бірлік техникасы, Түркістан облысы ПД 6 қызметкер және 3 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдар 11 қызметкер жұмылдырылды", - дейді Түркістан облысының ТЖД өкілдері.

Қазір бұл іске қатысты әзірге ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Түркістан облысының полиция департаментіндегілер жоғалған қыздан хабар келгенде ғана тергеу басталатынын айтады.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2142307-turkistan-oblysynda-selfige-tusemin-dep-ozenge-agyp-ketken-16-zhastagy-qyz-tabylmai-zhatyr-tuystary-zhanaiqaiyn-aitty/