Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Эксклюзив: Елдос Сметов өзіне жан-тәнімен жанкүйер болған ер адамға жаңа теледидар сыйлады

Жарияланған күні:

жанкүйер
Елдос Сметовтен сыйлыққа теледидар алған отбасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Желіде Елдос Сметовтың белдесуінде жан-тәнімен айқайлап, беріле қолдау көрсеткен жігіттің видеосы тарап кеткен еді. Алматы облысы Талғар ауданында тұратын жанкүйер Сәбит Қалыбеков бүгін Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтен сыйлыққа жаңа теледидар алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сәбит Қалыбеков кішігірім мал шаруашылығымен айналысады. Ол дзюдошы Елдос Сметовке ерекше жанкүйер болғанын айтады. Желіде тараған видеода оның еденді ұра айқайлап, қатты қуанғаны байқалады. Сәбиттің өзі эмоциясы жайлы пікірін айтты.

"Елдостың елімізге бір алтын сыйлап, Қазақстанымыздың атын шығарғанын бәріміз тіледік. Елдос – алтын жігіт, ел намысын соңына дейін қорғады. Мен де сонымен бірге күрескендей болдым. Эмоциямды айтып жеткізе алмаймын", - дейді ол.

Видеоны TikTok желісіне жанкүйердің әйелі салып жіберген. Қысқа уақытта тарап кеткен видеоның астына жұртшылық Елдосты белгілеп, теледидар алып беруін сұрады. Артынша чемпион Алматыдағы досы арқылы жанкүйерін тауып, теледидар әперген.

"Біз Елдоспен тікелей сөйлестік. Қарапайым жігіт екен. Өте қуаныштымыз. Қазақстан абыройын асқақтата берсін! Отбасына амандық берсін!", - деді жанкүйер.

Елдосқа дейін де Сәбитке теледидар сыйлағысы келгендер болыпты. Алайда ол ұсыныстардан бас тартқан.

"⁠Мен ешкімнен ештеңе алғым келмейді. Бір-екі адам хабарласты. Мен елім үшін, Елдос үшін жанкүйер болдым", - дейді ол.

Ал әйелі Дина Тілегенова күйеуінің барлық отандық спортшыға осылай жанкүйер болатынын айтты.

"Қазақ елінің батырларын, спортшыларын осылай қолдайды. Айқайлап, ішіне кіріп кетердей болады. Елдосқа ерекше жанкүйер болды", - деді ол.

Жанкүйер отбасы Олимпиадада жүрген барлық спортшымызға алтын медальмен оралуды тіледі.

Автор: Ислам Аманқос

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142034-ekskliuziv-eldos-smetov-ozine-zhan-tanimen-zhankuier-bolgan-er-adamga-zhanga-teledidar-syilady/