Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлым жазықсыз 10 жылға сотталып кетті": астаналық тұрғын жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

Қолына кісен таққан ер адам
Қолына кісен таққан ер адам. Көрнекі фото: zoka74 / Getty Images

Астаналық тұрғын Серік Күзембаевтың ұлы "2 келідей есірткі сақтап, таратқан" деген күдікпен ұсталып, таяуда алқабилердің қатысуымен өткен сот өткен. Нәтижесінде ұлы Ислам Күзембаев 10 жылға сотталды. Десе де жәбірленушінің әкесі ұлына тағылған айыппен келіспей отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Серік Күзембаев ұлы "есірткіні аса ірі көлемде сақтап, таратқан" деген айып дәлелденбеген дегенді алға тартады.

"Тергеу кезіндегі түрлі дактилоскопиялық сараптамалар ұсталғандардың қолынан есірткінің ізі табылмағанын айқын көрсеткен. Есірткінің бір бөлігі мұздатқыштан алынды десе де, ондағы саусақ таңбаларында ұсталғандардың саусақ іздері жоқ. Осыған байланысты ата-аналардың "күдіктілерді" ұстауға барған полицейлердің саусақ таңбасын алып, сараптама жасау туралы ұсыныстары қабылданған жоқ", - дейді Серік Күзембаев.

Сотталған Ислам Күзембаевтың әкесі Нұра ауданы прокурорының соттағы айыптау актісі мен Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы оқыған үкімнің көшірмесін және адвокаттарының апелляциялық шағымын қолына алғанын айтты.

"Бәрін қарап шықтық. Олардың қылмысы қаншалықты дәлелденгені өз алдына әңгіме. Бізді таңғалдырғаны – алқабилер мәселесі болды", – дейді сотталған ер адамның әкесі.

Күзембаевтың қорғаушысы Ақмарал Палмаханова тергеу барысында көптеген заңбұзушылық болған дегенді алға тартып отыр. Сондықтан қорғаушы тарап істі алқа билердің қарауына жіберуді сұраған. 2023 жылы желтоқсан айында алқа билер іріктеліп, оған ата-аналар да қатысқан. Алқабилер ретінде 79 адамнан 12 адам іріктеліп алынған.

"Іс сотқа түсті, біз алқабилерді таңдадық. Сол кезде "қинау" бабы бойынша құзырлы органдардың үстінен қылмыстық іс қозғалған еді, кейін істі жауып тастады. Бірінші алқабилер жақсы сұрақ қойып, айыпталушының кінәсі жоқ екенін дәлелдеп келе жатқан. Бірақ осыдан кейін алқабилер таратылып, іс басқа судьяға берілді. Алқабилер құрамы қайта таңдалды. Түскі 14:30-да басталған істің үкімі түнгі сағат 23:30-да жарияланды. Алқабилер "үкімді ертеңгі күнге қалдырайық" деп еді, оған құлақ асқан адам болмады. Екі ай қаралған іске түннің жарымында үкім шығып, кінәсі дәлелденбеген жігіт 10 жылға сотталды", - деп пікір білдірді адвокат.

Екінші рет іріктелген алқабилердің қатысуымен шыққан үкімге қорғаушы қанағаттанбайтынын жеткізді.

"Біз негізі жазықсыз екенін дәлелдей алдық. Ең басты дәлел – тоңазытқыштан алынған полиэтиленген оралған заттардан айыпталушылардың қол ізі табылмады. Үш адамның ізі бар, бірақ біздің қорғауымыздағы азаматтар емес. Жауаптарында өңдеп, дайындалғаны айтылған, бірақ тырнақтың асты таза болып шықты", - дейді Күзембаевтың адвокаты.

Аталған іске байланысты редакция Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сұрау салды, жауаптар қосымша жарияланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2145948-ulym-zhazyqsyz-10-zhylga-sottalyp-ketti-astanalyq-turgyn-zhanaiqaiyn-zhetkizdi/