Ақтөбе облысында көлік ішінде 10 жасар қыз көз жұмды: оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Дөң ауылында аулада тұрған көліктен өрт шықты. 10 жастағы қыз баланың денесі өртенген көлік ішінен табылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айта кетсек, қайғылы жағдай 27 тамызда болған. Ауылдық округ әкімі Ербол Ізбасқанұлының айтуынша, жасөспірім отбасындағы жалғыз қыз болған.
"Кеше түскі уақытта болған жағдай. Маған сағат 13:15-те көліктің жанып жатқаны туралы хабар келді. Бірден бардым. Көлік жанып жатты. Туыстары баланы таба алмай жүрді. Көлікте жоқ деп ойлаған. Сол жерге өрт сөндірушілер келді. Өрт сөндіргеннен кейін қызметкерлер ішінде адам бар екенін айтты. Оған дейін ата-анасы баланың көлікте екенін білмеген. Олар бала өрттен қорқып қашып кетті деп ойлаған. Толыққанды отбасы. Анасы – мектепте мұғалім, әкесі – машинист. Үлкен баласы екі апта бұрын ғана үйленіп, келін түсірген еді. Ортаншы баласы мектепте оқиды. Жалғыз қызы",- деді Дөң ауылдық округінің әкімі Ербол Ізбасқанұлы.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға көрші үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
"Полиция баланың қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. 27 тамызда Хромтау ауданының Дөн ауылында аулада тұрған "ВАЗ" автокөлігі өртенді. Бұл көрші үйде орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларымен дәлелденді. Автокөліктің ішінде 10 жасар қыз болған, нәтижесінде ол қайтыс болды. Оқиға болған кезде ата-анасы үйде болған. Өрттің себептері анықталуда", - деді Ақтөбе облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
Қайғылы жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2154501-aqtobe-oblysynda-kolik-ishinde-10-zhasar-qyz-koz-zhumdy-oqigaga-qatysty-zhanga-derek-shyqty/