Ақтөбеде ер бала қатты тербеліп тұрған әткеншектен құлап, мерт болды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде әткеншектен құлаған 9 жастағы баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Жасөспірімнің қатты соққыдан басы жарылып, омыртқасы мен қабырғалары сынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын үй алабындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында қайғылы жағдай тіркелді. Әткеншектен құлап қайтыс болған баланың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Оқиға 18 қыркүйек күні кешкі уақытта болған.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдері қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Кәмелеттік жасқа толмаған баланың қайтыс болуына қатысты 306-бап – "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр",- деп хабарлады полицейлер.
Қайғылы жағдайды жедел жәрдем қызметіне көршілері хабарлаған.
"Кешкі сағат 19:02-де қоңырау түсті. Жедел жәрдем бригадасы сағат 19:09-да жетті. Бала ес-түссіз болған. Көршілер алғашқы көмек көрсеткен. Медицина қызметкерлері 30 минут бойы реанимациялық көмек көрсетті. Нәтиже берген жоқ. Сағат 19:41-де мидың біржола семуі тіркелді. Бала ашық бас ми жарақатын алған, бас сүйегі, мойын омыртқасы, қабырғасы сынған. Кеуде қуысы қысылған",- деп хабарлады Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2163331-aqtobede-er-bala-qatty-terbelip-turgan-atkenshekten-qulap-mert-boldy/