Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатыр. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі команда капитаны Лео Игитамен және құраманың жас ойыншысы Әбдірасул Әбдіманапұлымен тілдесті.
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 15 қыркүйекте Өзбекстандағы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізді. Адуынды Испания құрамасымен 1:1 есебімен тең түсіп, ұпай бөлісті. Ал бүгін, 18 қыркүйекте бас бапкер Рикардо Кака бастаған жігіттер Ливияға қарсы ойын өткізеді.
"Өзбекстандағы әлем чемпионаты біз үшін жақсы басталды. Бұл додаға біз тыңғылықты түрде дайындалдық. Әсіресе Испанияға қарсы матчқа үлкен күш салдық. Испаниямен болған тең нәтиже біз үшін жаман емес, біз әлі де жеңіс үшін барымызды саламыз. Өзім үшін де осындай үлкен деңгейде өнер көрсету ерекше сезім сыйлайды. Бір жарым жылдық жарақаттан кейін ұлттық құрама намысын қорғау мен үшін абырой", - деді Лео Игита.
Ал ұлттық құраманың сапындағы жас ойыншы Әбдірасул Әбдіманапұлы Испанияға қарсы ойынға қатыса алмады. 8 қыркүйекте Алматыда Аргентинаға қарсы жолдастық кездесуде жарақат алып қалған еді. Бірақ ол алдағы ойындарға қатысуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Азат Валиулин де жарақатына байланысты ойыннан тыс қалды.
Испанияға қарсы матчтың бірінші бөлігінде Дәурен Тұрсағұлов қарсыласқа қарсы дөрекі ойнағаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын. Бұл жағдайға жанкүйерлер де, ойыншылар да есеңгіреп қалғандай әсер қалдырды.
"Дәурен Тұрсағұлов шабуылды күшейте білетін, қарсылас команданың қақпасына қауіп туғыза алатын ойыншы. Оның орны кәдімгідей ойсырап қалды. Бірақ спортта бәрі де мүмкін, бұл дәл осылай орын алған бірінші және соңғы жағдай емес. Ойыннан кейін Дәуренмен сөйлестік, қазір оның көңіл күйі жақсы. Әрине ол испаниялық ойыншыға қарсы дөрекі ойнады, бірақ бұл әрекетті әдейі жасамады", - деп пікір білдірді Игита.
Сонымен қатар Испанияға қарсы матчта Қазақстан құрамасы жылдам есеп ашты. Ойынның басталғанына небәрі 5 секунд болғанда Дугластың пасын қабыл алған Біржан Оразов қарсылас қақпасынан саңылау тапқан. Бұл футзалдан әлем чемпионаты тарихында соғылған ең жылдам гол боп тіркелді.
Сондай-ақ Біржан Оразов 2022 жылы Нидерланд елінде өткен Еуропа чемпионатында 7 гол соғып, үздік сұрмерген атанған болатын.
"Бұл комбинацияны Біржан мен Дуглас жаттығу барысында ойлап тапқан. Әр жаттығу сайын жетілдірген дүниелері ең соңында нәтиже берді. Біржанның осындай рекорд орнатқанына біз қуаныштымыз", - деді Лео Игита.
Бұл әлем чемпионатына ұлттық құраманың алға қойған басты мақсаты – топтан бірінші орынды еншілеп шығу еді. Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан алдағы екі ойында ірі есеппен жеңіске жетіп, Испаниядан гол айырмасы бойынша алға шығу керек.
"Біздің мақсатымыз өзгермеді, топтан бірінші орынмен шығуды көздеп отырмыз. Бірақ бізді алда екі маңызды ойын күтіп тұр. Гол көп салып, доп айырмасы бойынша ұтамыз деп ойнасақ, біз сәтсіздікке тап боламыз. Керісінше осы екі ойынға барымызды салып, жеңіске жетуге тырысуымыз керек", - деді Игита.
Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен Испанияға қарсы ойында арена қазақ жанкүйерлеріне лық толы болды. Ұрандатқан, қиқулаған қазақ жанкүйерлерінің қолдауын ұлттық құраманың жігіттері де ерекше сезініпті.
"Шыны керек, осынша көп жанкүйер келеді деп күтпедік. Аренаға шыққан кезде қазақ жанкүйерлерінің қалың қарасын көргенде, құдды бір сары теңіз тулап жатқандай әсер қалдырды. Алаңдағы алтыншы ойыншының рөлін керемет атқарып шықты. Олардың энергиясы бізге жетті", - деп Игита қазақ жанкүйерлеріне ыстық ықласын білірді.
Ал Әбдірасул Әбдіманапұлы бұл ойынға қазақтардан бөлек, өзбек және қырғыз жанкүйерлері де келгенін, ерекше қолдау танытқанын айтып, оларға дән риза болғанын жеткізді.
"Жергілікті өзбек жанкүйерлеріне алғыс айтамын. Өзбек бауырларымыз ерекше қолдап жатыр", - деді Әбдірасул.
Биылғы дода ұлттық құрама сапында доп тебетін бірнеше ойыншының әлем чемпионатында соңғы рет жасындай жарқылдайтын шағы. Игита, Дуглас, Лео секілді белді ойыншылардың жасы 40-қа таяп қалды. Сондықтан қазақ жанкүйерлері тәжірибелі әрі тісқаққан ойыншылар биылғы әлем чемпионатында топ жарады деп сенеді.
"Медаль болады деп ерте бастан уәде етпеймін. Топтан шығамыз деп айта аламын. Топтан шығып алсақ, біз үшін әр ойын финалға татитын матч болады. Сол кезде жанкүйерлердің қолдауы ауадай қажет", - деп ақтарылды Лео Игита.
Бүгін, 18 қыркүйекте футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионаты аясында Ливияға қарсы кездесу өткізеді. Матч Қазақстан уақыты бойынша 17:30-да басталады.
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2162878-medal-bolady-dep-uade-etpeimin-futzaldan-qazaqstan-quramasynyng-oiynshylarymen-ekskliuziv-suqbat/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.