Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғардағы жасөспірім өлімі: бүгін түнде жәбірленушілердің үйі өртеніп кетті (видео)

Жарияланған күні:

Талғарда өртенген үй
Оқиға орны. Видеодан кадр: instagram.com/sakura_777

Бүгін желіде Талғарда марқұм Шерзат Болаттың отбасы тұратын үй өртеніп кеткені туралы ақпарат пайда болды. Бұл ақпаратқа полицейлер түсінік берді, деп хабарлайды NUR.KZ. KAZ.NUR.KZ.

Бұл ақпарат құқық қорғаушы Саида Тәуекелованың Instagram-дағы жеке парақшасында пайда болды.

Оның мәлімдеуінше, оған түнде жәбірленушінің туыстары хабарласып, үйі өртеніп кеткені туралы сұмдық хабарды жеткізген. Өрт сөндіру қызметінің жедел әрекетіне қарамастан, бүкіл үй жанып кетті, деп жазады автор.

"Бұл онсыз да да қиын жағдайда жүрген адамдарға соққы болды. Қайғылы жағдай жақындары ұлының құқығы мен әділдік үшін күресіп жатқан шақта болып отыр.

Туыстары жетісін беруге дайындалып жатқан. Бала-шаға мен үйдегі ересектер ата-анасының үйінде болған. Өрттен үй ғана өртенді... алайда өрт қойған адамдардың ниеті қандай болғанын елестетудің өзі қорқынышты...", - деп жазады автор.

Саида Тәуекелова мұндай тағылық әдістер жазасыз қалмайтынын атап өткен.

"Олардың қауіпсізді мен құқығы – біз үшін бірінші орында, сондықтан кінәлілер табылып, жауапқа тартылуы үшін бар күшімізді саламыз.

Өрт қою – мүлікті жою ғана емес, адамдарды қорқыту және жайлылық пен қорғаныш символы болған үйімен байланысын үзіп тастау. Мұндай тағылық әдістердің жазасыз қалуына жол бермейміз", - деп жазады құқық қорғаушы.

Видеодан өртеніп кеткен үйді және үй маңында жүрген адамдар мен өрт сөндірушілерді көруге болады. Желі қолданушылары оқиғаға назар аудару үшін жазба астындағы пікірде құқық қорғау органдарының парақшаларын белгілеп жатыр.

NUR.KZ тілшісі түсінік алу үшін Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті мен полицияға хабарласты.

"12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті өкілдері.

Полицейлер қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен оған әкелуі мүмкін себептер анықталып жатқанын мәлімдеді.

Төтеншеліктер шақыру орнына дереу Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің 10 қызметкері мен 3 техникасы жіберілгенін хабарлады.

"Бірінші өрт сөндіру бөлімшесі келген сәтте – сағат 1:08-де тұрғын үйдің шатыры жанып жатқаны анықталды. Үй толығымен отқа оранған.

Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде өрт 1:38-де оқшауланып, 1:43-те 56 ш.м алаңда толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ", - делінген ведомство хабарламасында.

Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті зерттеу сынақ өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Талғардағы жасөспірім қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2173351-almaty-oblysynda-zheke-turgyn-ui-ortendi-politseiler-qylmystyq-is-qozgady/